Bereke bank өтімділігін арттыру үшін қаржы ұйымдары мен заңды тұлғалардан 270 млрд теңге тартқан

Жарияланды
Шығарушы редактор
270 млрд
Фото: kursiv.media

«Бәйтерек» холдингіне тиесілі Bereke bank 2024 жылдың ақпан-наурыз айларында өтімділікті артыру үшін холдингпен байланысы бар компаниялардан 270 млрд теңге тартқан. Бұл жайында банктің қаржы есебінде жазылған.

«2024 жылдың ақпан және наурыз айында қаржы ұйымдары мен заңды тұлғалардан 270 млрд теңге жинақ салымдары тартылды. Өтеу мерзімі – 2027 жылдың ақпан айы» , – деп жазылған қаржы есебінде.

270 млрд теңгенің 200 млрд теңгесі байланысты ұйымдардың жинақ салымдары болса, 70 млрд теңгесі – қаржы ұйымдарының жаңа салымы. Бұл қаржыны банк өтімділік тәуекелін реттеу үшін алған. Оны мерзімінен бұрын қайтарып алса, банктің қызметіне кері әсер ету мүмкін.

Банк бас ұйымынан бұған дейін де қаржы тартқан. Биыл ақпан айында 2023 тартылған 170 млрд теңге салым өтелген.

2022 жылдың сәуірінде «Береке» банк (ол кезде Сбербанк Қазақстан деп аталған) АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC List) SDN санкциялар тізіміне енгізілді. Бұл банктің Visa және Mastercard карталары жүйесінен ажырауына және клиенттерінен айырылуына әкеп соқты.

Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік Сбербанк оны «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатты. Келісімнен кейін қаржы институты атауын Bereke Bank деп өзгертті.

2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.

Қатарлық инвесторға сатылуы

2023 жылдың қазанында ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымова Bereke bank Қатардан келген инвесторға сатылуы мүмкін екенін айтты. Ол кезде инвестор Bereke bank-ті бағалап, соның нәтижесінде қаржы институтының құны анықталатыны айтылған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Bereke bank-ті сатқан кезде мемлекет жұмсаған қаражат толық өтеледі деп сендірген.

2024 жылдың ақпанында Қатар инвест банкі – Lesha Bank «Бәйтерек» холдингімен Қазақстандағы банкті сатып алу туралы алдын ала келісім жасасқаны белгілі болды. Инвестор банктің бүкіл акционерлік капиталын сатып алатыны белгілі. Сондай-ақ мәміле тараптардың болашақта жасалатын түпкілікті келісім шарттарын сәтті келісуіне байланысты болмақ.

Қатарлық инвесторға сатылатын Bereke Bank 2023 жыл үшін дивиденд төлемейді. Акционер бұл шешімін банктің меншікті капиталының төмендеу қаупімен түсіндірген. Банктің былтыр тапқан 28,9 млрд теңге таза пайдасы акционерлік қоғам меншігінде қалдырылған.

Сондай-ақ оқыңыз