Жаңалықтар

Қаржы пирамидасын құрып, халықты 3 млрд теңгеге алдаған қылмыстық топ мүшесі Грузиядан экстрадицияланды

қаржы пирамидасын
«Plus Capital» қаржы пирамидасын құрған күдікті Грузиядан Ақтау қаласындағы изоляторға жеткізілген /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

«Plus Capital» қаржы пирамидасын құрып, халықты 3 млрд теңгеге алдаған қылмыстық топ мүшесі Грузиядан экстрадицияланды. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында күдіктіні Грузиядан экстрадициялады», – делінген прокуратура хабарламасында.

Күдікті 2020 жылы қылмыстық топ құрып, Маңғыстау облысында «Plus Capital» қаржы пирамидасын ұйымдастырған. Солайша 600-ден астам салымшының жалпы сомасы 3 млрд теңгеден астам ақшалай қаражаты, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін заңсыз иемденген деп айыпталып отыр.

Прокуратура бұл қылмыстық топтың кейбір мүшелерін анықтап, түрлі жазаға тартқан. Ал бұл күдікті қаржылық қылмыс жасағаннан кейін, жазадан қашып жасырынған. Соған байланысты құзыретті органдар оған халықаралық іздеу жариялаған.

Ал 2023 жылдың қарашасында күдікті Грузия аумағында ұсталған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті Ақтау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Ол қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға кесілуі мүмкін.

Еске сала кетсек, бұл азаматтың 2023 жылдың қарашасында Грузия аумағында  ұсталғанын хабарлаған болатын. Оны елге қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан хабарланған еді.  

Ал осы жылдың 1 науырында Қаржы мониторингі агенттігі Qnet қаржы пирамидасын құрған Қызылорда облысының тұрғынына халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлады. Ол 59 адамның 60 млн теңгеден астам қаражатын иеленген деп күдіктеледі.

Осыған дейін салымшыларды 1,2 млрд теңге шығынға батырып, Украинада жасырынып жүрген «LIDER»  қаржы пирамидасының басшысы елге қайтарылғанын хабарлаған едік.

Тергеу ісіне сәйкес, аталмыш қаржы пирамидасы қазақстандықтарға 3,6 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Қылмыстық іс бойынша 600-ден астам жәбірленуші бар.