Жаңалықтар

Өсу әлеуеті 44 пайыз: Freedom Broker сарапшылары Air Astana акцияларын сатып алуды ұсынады

 Air Astana акцияларын
Air Astana акциялары қаншалықты өсуі мүмкін?/ Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Алексей Алескеров

Freedom Broker Air Astana акцияларын сатып алуды ұсынады. Сарапшылар әуе компаниясының бағалы қағаздарының өсу әлеуетін 44%-ға бағалап отыр. Брокер мұндай болжамды компанияның 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы қаржы нәтижесін негізге ала отырып жасаған.

Air Astana-ның тоқсандық кірісі айтарлықтай өскен. Компаниялар тобының кірісінің артуына негізінен FlyArystan-ның нәтижелі қызметі себеп болған. Оған қоса чартерлік жолаушылар тасымалынан түсетін кірістің артуына ықпал еткен. Жыл басынан бері компанияның жолаушылар тасымалы да жақсы өсім көрсетті.

Алайда компанияның операциялық шығыны да айтарлықтай өсті. Осылайша, операциялық және EBITDA маржасы төмендеп, компания таза шығынға ұшырады. 2024 жылдың I тоқсанында әуе компаниясы 5,2 млрд теңге шығын келгені туралы хабарлады. Ақпан айында компания IPO өткізуге шамамен 2,8 млрд теңге жұмсаған. IPO өткізуге кеткен бір реттік шығынды шегерсек, компанияның 3 айдағы шығыны екі еседей қысқарады.

Компания басшылары 2024 жылға арналған өсу болжамдарын өзгеріссіз қалдырған. Сарапшылар осының бәрін ескере келе, компания акциялары алдағы уақытта 44 пайыз өсім көрсету ықтимал деп болжайды. Қарапайым акциясының құны 1350 теңгені құрауы мүмкін. Брокер компания акцияларын «Сатып алуды» ұсынады.

Ақпандағы IPO-дан кейін Air Astana акциялары инвесторлардың үмітін ақтамай, арзандай бастады. Наурызда әуе компаниясының акциялары 1057 теңгеден саудаланды.

ІPO-cын нарық он жылдан аса күткен компания жария орналастырудан 2 ай өтер-өтпестен, акцияларын кері сатып алатынын мәлімдеді. Оның мақсаты «еңбекті ынталандыру бағдарламасынан туындайтын компанияның міндеттемелерін орындау» екені жазылған.

Бағдарламаның бірінші бөлігі аясында компания жалпы сомасы 12 млн долларға 4,8 миллионға жуық акция сатып алатын мәлімдеді. Бұл бір акцияға шаққанда шамамен 1100 теңгені құрайды. Компания бағдарлама басталған екі аптада 288,6 мың долларға 112 530 акция мен 4 651 жаһандық депозитарлық қолхат сатып алды.

Air Astana акцияларын бір мезгілде үш биржада – (LSE, KASЕ мен AIХ) орналастырылған алғашқы қазақстандық компания. Жария орналастыру барысында сұраныс ұсыныстан асып түскен.

Air Astana әуе компаниясының IPO-сы барысында нарықтан тартылған 370 млн доллар қаржының 120 млн доллары әуе компаниясының дамуына жұмсалады. Ал компанияның негізгі акционері «Самұрық-Қазына» қорына осы қаржының 23 млн доллары тиесілі болады. Тағы бір акционер BAE Systems PLC компаниясы 206 млн доллар пайда тапты.