5 есе көп: ҚДБ «Бәйтерек» холдингіне 90 млрд теңге дивиденд төледі

Жарияланды
Шығарушы редактор
ҚДБ 90 млрд теңге дивиденд төледі Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанның Даму Банкі жалғыз акционері «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингіне 90 млрд теңге дивиденд төледі. Бұл сома 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 5 есе артық.

Қаржы ұйымының Қазақстан қор биржасына жолдаған хабарламасында 2023 жыл үшін дивиденд акционерге 20 мамырда төленгені жазылған.

Банктің 2023 жылғы 180 млрд теңге таза табысының тең жартысы акционеріне дивиденд ретінде төленсе, 90 млрд теңгесі банктің өзінде қалған. Дивиденд мөлшері 1 қарапайым акцияға шаққанда 42 565 теңгеден келеді.

Акционерге 2023 жыл үшін төлейтін дивиденд көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Банк алдыңғы жылы 17 млрд теңге дивиденд төлеген. 2022 жылы қаржы ұйымы 34 млрд теңге табыс тапқан еді. Бір жыл ішінде банк табысы да бес еседен аса өскен.

Қазақстанның Даму Банкі – экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған қаржы институты. Жеке сайтында ұлттық экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін жобаларға инвестициялайтыны жазылған.

Банк бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2000 жылғы 28 желтоқсандағы №531 «Қазақстан Даму Банкі туралы» Жарлығы және ел Үкіметінің 2001 жылғы 18 мамырдағы №659 «Қазақстанның Даму Банкі» жабық акционерлік қоғамын құру туралы» Қаулысына сәйкес құрылған.  

Сондай-ақ оқыңыз