Үкімет су тасқынынан зардап шеккен бизнес нысандарына көмектесіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Премьер-министр Олжас Бектенов тасқын салдарынан бизнес секторға және халыққа әлеуметтік төлем беріліп жатқаны жөнінде баяндады.
Кәсіпкерлердің шығынын өтеу ұзаққа созылатын үрдіс секілді. Аймақтық комиссиялар тексеру нәтижесі бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің 12 өтінімін қарастырып мақұлдаған. Соған сәйкес жалпы 21 миллион теңге өтемақы төленді. Әлі жүздеген кәсіпкер кезекте тұр. Алдын ала бағалау бойынша су тасқынынан 731 бизнес субъектісі зардап шеккен. Шығынды өтеу және құжаттарды өткізу тәртібін білу үшін 1432 нөмірі бойынша жедел желіге хабарласуға болады.
Сәуір айында Ұлттық экономика министрі тасқын салдарынан кәсіпкерлік нысандарға келтірілген мүлік шығындарын өтеу тәртібін бекітті. Шығынды өтеу бағасына жоғалған мүліктің, тауарлық-материалдық заттардың, қираған және зақымданған ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарының құны кіреді.
Тасқыннан зиян шеккен өңірлерге көмектесуге мемлекет ірі кәсіпкерлерді бекітті. Олрадың қатарында Forbes тізіміндегілер бар. 18-ге жуық ірі компания мен кәсіпкер республиканың алты аймағына қол ұшын созады.
Дүние-мүлік үшін 1 миллиард теңге өтемақы
Үкіметтен көмек сұраған азаматтарды қолдау шаралары жалғасуда. 30 770 отбасыға 100 АЕК көлемінде бірреттік төлем беру үшін 11 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Осы тасқын кезеңі министрлер кабинеті үшін елеулі сын болды. Төтенше жағдай кезінде халыққа түрлі бағытта нақты қолдау тетіктері көрсетілмек. Жаңа алгоритмнің бірі – дүние-мүлік құнын төлеу. Тұрмысқа қажет деген тауарлар бағасы есептелінеді. Сонымен зардап шеккен тұрғындарға аса қажетті дүние-мүлік сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша өтемақы төленуде. 4115 отбасы жалпы сомасы 1 миллиард теңге көлемінде өтемақы алған. Сондай-ақ өлген малдың өтеуі үшін мемлекеттен бөлінген қаржылай көмектің көлемі 2,3 миллиард теңгеден асқан.
432 отбасыға – жаңа баспана
Зардап шеккен аймақтарда 15103 тұрғын үй тексеріліп, 11186 нысанды бағалау жұмыстары аяқталған. Өңірлерде 1862 жаңа үй салынып жатыр.
- Қазіргі таңда 432 отбасы бұзылған баспаналарының орнына жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болған. Атап айтқанда, тұрғындарға Қостанай облысында 225, Ақмола облысында 83, Ақтөбе облысында 76, Солтүстік Қазақстан облысында 40, Қарағанды облысында 6, Павлодар облысында 2 баспана берілген;
- Батыс Қазақстан облысында 394, Қостанай облысында 184, Атырау облысында 48, Ақтөбе облысында 494, Ақмола облысында 273, Солтүстік Қазақстан облысында 500, Павлодар облысында 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. 2947 отбасыға баспанасын жөндеу және қалпына келтіру үшін өтемақы төленген;