Жаңалықтар

«Біздің ұстанымымыз анық»: Әшімбаев президент Зеленскийдің пікіріне жауап берді

Әшімбаев президент Зеленскийдің пікіріне жауап берді / kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Қазақстан Украинадағы әскери іс қимылдарын тоқтатуды және мәселені келіссөздер жүргізу арқылы шешуді жөн деп санайды. Бұл туралы Сенат баспасөз алаңында палата спикері Мәулен Әшімбаев айтты.

Спикер бұл сөздерімен Украина президенті Владимир Зеленскийдің «Қазақстанның Киев пен Мәскеу арасындағы соғыстағы ұстанымының нақты еместігіне қатысты» мәлімдемесіне жауап берді.

Журналистер Мәулен Әшімбаевтан Украина президенті Владимир Зеленскийдің «Орталық Азия елдері Кремльге қарап, әрекет етіп, Украинаға тиісті қолдау көрсетпейтіндігі туралы» айтқан сөздеріне түсініктеме беруді сұраған. 

Әшімбаев Қазақстанның ұстанымы нақты екенін және оның бірнеше рет қайталап айтылғанын атап өтті. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейде «квазимемлекеттік құрылымдарды» (Луганск мен Донецск облыстарының тәуелсіздігің – ред.) мойындамайтынын мәлімдегенін еске салды.

Спикердің сөзінше, ресми Астана соғыста бейбіт адамдардың қаза болуы Украина мен Ресей үшін ғана емес, екі мемлекетпен де тығыз байланыстағы елдер үшін де «үлкен трагедия».

«Қазір Украинадағы қантөгісті тоқтату өте маңызды деп санаймыз. Мұны қай жері түсініксіз?», – деді Әшімбаев. 

Сенатор Қазақстанның екі тарапты келіссөздерге шақырып, келісім алаңын ұсынғанын еске салды.

«Біздің ұстанымымыз анық. Менің ойымша, қазақстандық ұстанымды бұрмалауға келмейді», – деп қорытындылады Сенат спикері. 

2024 жылдың мамыр айында президент Зеленский Орталық Азия елдерінің журналистеріне сұхбат берді. Украина президенті Астана, Бішкек, Ташкент, Душанбе және Ашхабад Мәскеудің «қас-қабағына қарап» әрекет етіп жатыр деген пікір айтқан еді.

«Мысалы, біз бейбітшілік саммитін өткізіп жатырмыз, алғашқы қадамдарымыз. Орталық Азия елдерінің көшбасшыларын да шақырдық. Бұл саммитте бәрін көргіміз келеді. Мұның несі қорқынышты? Путиннің келмейтіні ғана қорқынышты. Путин [саммитке қатысқан] Орталық Азия елдерінің біріне танкпен барғанын елестете аласыз ба? Осыған бола бармайды – бұл жеткіліксіз. Сонда айтыңызшы, келмейтіндер неден қорқады? Олар Кремльмен қарым-қатынасты жоғалтудан қорқады», – деді Зеленский, «Власть» басылымына берген сұхбатында.

2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы «Арнайы әскери операция» деген атпен ауқымды соғыс бастады. Шабуылдың мақсаты ретінде Украинаның Донецк және Луганск облыстарының тәуелсіздігін қамтамасыз ету аталған болатын. Ресей оларды ресми түрде Донецк халық республикасы және Луганск халық республикасы деп атайды.