Жаңалықтар

ҚазМұнайГаз бен ЛУКОЙЛ бірлесіп «Kalamkas-Khazar Operating» операторын құрды

«Қаламқас-теңіз» кен орнында мұнай өндіруді ертерек бастау үшін 2026 жылы теңіз платформаларының құрылысы басталады / Фото: архив kursiv.media

Қазақстанда Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындарын игеру бойынша мұнай-газ жобасын жүзеге асыру басталатыны белгілі болды. Бұл жөнінде Энергетика министрлігі хабарлады.

«Қаламқас-теңіз-Хазар» жобасының қатысушылары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (50%) және «ЛУКОЙЛ» ААҚ (50%) болып табылады. Жоба бойынша келісімдерге қол қойылды, және оны іске асыру мақсатында бірлескен кәсіпорын – жобаның операторы «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС құрылды,- деп мәлімдеді ведомсвто.

Жоспарға сәйкес, «Қаламқас-теңіз» кен орнында мұнай өндіруді ертерек бастау үшін 2026 жылы теңіз платформаларының құрылысы басталады. Жобаға 6 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылмақшы.  

«Құрылыс кезеңінде 2000 жаңа жұмыс орны, ал пайдалану кезеңінде – 300 жұмыс орны құрылады. Құрылыс «Қаламқас-теңіз» кен орнында болат конструкциялардан теңіз платформаларын орнатудан басталады.  Бұл ауқымды жоба еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоба әлемдік стандарттарға сәйкес келетін мамандарды даярлауға жол ашатынын, жаңа жұмыс орындарын құратынын және әлеуметтік-экономикалық дамуға қолайлы мультипликативтік әсерін тигізетінін атап өткен жөн»,-делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

«Қаламқас-теңіз» кен орны Каспий теңізінің солтүстік-шығыс секторының орталық бөлігінде, жағадан 64 км қашықтықта орналасқан. Теңіздің тереңдігі мұнда 6-7 метрді құрайды. Кен орны ұзындығы шамамен 50, ал ені 6 шақырымға дейінгі ұзын және тар құрылым болып табылады. «Хазар» кен орны «Қаламқас-теңізден» оңтүстік-батысқа қарай 30 км және Бозашы түбегінен солтүстік-батысқа қарай 65 шақырым қашықтықта орналасқан.

Ведомство атап өткендей, кен орындары әдеттегідей тексерілді. Онда еліміздің балансына қойылған расталған қорлар бар.

Осыған дейін Қаламқас-Теңіз және Хазар жобасы бойынша мұнай өндірісі 2028-2029 жылдары басталуы мүмкін екені айтылған еді. Энергетика министрлігі жетілдірілген үлгілік келісімшарт тетігін енгізу бойынша реформасына негізделген жұмысын бастаған болатын. Ведомство «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС (жоба операторы) жобаға шолу жасады. Сонымен қатар қазақстандық өндірушілер үшін әлеуетті мүмкіндіктерді айқындап берді.

Былтыр «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов жер қойнауы учаскелерінде көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартқа толықтыру жасалғанын хабарлаған. Келісімшарт бойынша «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС жер қойнауын пайдаланады