Оңтүстік Кореяның KEGAM және SK ecoplant компаниялары Қазақстандағы литий кен орындарын игеруге қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Корея бизнес форумында айтты.
Оның пікірінше, жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп сияқты стратегиялық мәні зор салалар Қазақстан мен Корея экономикалары кооперациясының маңызды бағыттары.
«Мұнай-газ саласына Оңтүстік Корея технологияларын толыққанды трансферт жасау, сондай-ақ заманауи құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндірісін жолға қою біз үшін маңызды. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі мұнай-газ кен орындарында өндірісті кеңейтуге бағытталған жобалардың жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, мұның өзектілігі арта түседі», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды шикізат игеру саласында еліміздің әлеуеті зор екеніне назар аударып, литий кен орнын игеруге және одан өңделу деңгейі жоғары өнім шығаруға ниетті оңтүстік кореялық серіктестермен (KIGAM, SK Ecoplant) ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, автомобиль құрастыру саласындағы өзара тиімді өнеркәсіптік кооперацияны өрістетуге мол мүмкіндік бар.
Еске сала кетсек, неміс компанияларынан құрылған консорциум Қазақстанда литий өндіретін болды. Сонымен қатар тараптар литий өндіру және пайдалану саласындағы ынтымақтастық әлеуетін зерттеуге бағытталған мамандандырылған жұмыс тобын құруға келіскен. Талқыланған бастамаларды сәтті жүзеге асыруға негіз болатын жол картасы әзірленбек.
Қазіргі кезде литий шикізаты әлемдік нарықтағы қымбат әрі жоғары сұранысқа ие металдардың көш басында тұр. Дүниежүзілік банктің есебінше, 2050 жылға қарай мұндай таза энергия көздеріне сұраныс арта түспек.
Аталмыш қымбат металл қоры Қазақстанда да бар. Бірақ әзірге көлемі тым аз саналады. Сарапшылар бұл металды өндіру ел экономикасының негізі кіріс көзіне айналады дегенге күмәнмен қарайды. Себебі оның кен орындары әлі толық зерттеліп ашыла қойған жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2026 жылға геология зерттелетін жер көлемін 2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізуді тапсырған. Соның ішінде басымдық сирек және шашыранды металдарды іздеуге берілуі тиіс. Бағалы металды іздеу мен барлау Юбилейное, Жоғарғы-Баймурзин, Бакен, Белогорск, Ахметкино, Медведка кен орынындарында жүргізіледі.