Жаңалықтар

The Economist басылымы Алматыны Орталық Азиядағы ең үздік қала деп таныды

Әлемдегі өмір сүруге ең ыңғайлы қала Аустрия астанасы Вена қаласы/ Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Британдық The Economist журналы әлемдегі өмір сүруге ыңғайлы және жайлы қалалардың жыл сайынғы рейтингін жариялады. Рейтингте әлемнің 173 мегаполисі бар. Олар бірнеше көрсеткіш бойынша жіктелген.

Жаһандық өмір сүруге ынғайлы қалалар индексінде Қазақстанның бір ғана қаласы – Алматы бар. Оңтүстік астана бірнеше жылдан бері тұрақты түрде Мәскеу мен Ыстамбұлдан (96-98 орын) кейін, рейтингтің бел ортасынан табылып келеді. Бұл ретте Алматы әлемдегі ең арзан жүз қаланың қатарына енді.

Алматы рейтингте 65-тен жоғары балл жинады. Бұл ретте тұрақтылық бойынша – 75 балл, денсаулық сақтау – 67 балл, мәдениет және экология бойынша- 58 балл көрсетілген. Бұл ретте The Economist сарапшылары Қазақстанның болашағына қатысты болжамдарымен бөлісті.

«Орта мерзімді перспективада Қазақстан тұрақты дамиды. Өйткені негізгі капиталға инвестицияның артуы, жоғары мұнай өндірумен және монетарлық жеңілдіктердің жалғасуы экономиканы ынталандырады», – деп жазды басылым.

Бұған қоса басылым Алматыны Орталық Азиядағы ең үздік қала деп таныды.

Сондай-ақ сарапшылар Украинадағы оқиғаларға байланысты Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынаста сақтық танытып, бейтараптық танытып отырғанын атап өтеді. Британдық ғалымдар Қазақстан Республикасына қарсы жаппай екінші реттік санкциялардың салынуы екіталай деп есептейді.

Ал әлемдегі өмір сүруге ыңғайлы қалалар көшін Аустрия астанасы Вена бастады. 2024 жылы өмір сүруге ең жақсы қала деп танылды (сауалнама 12 ақпан мен 17 наурыз аралығында жүргізілген).

Сондай-ақ үздік ондыққа Копенгаген, Цюрих, Женева, Калгари, Ванкувер, Мельбурн, Сидней, Осака және Окленд кірді.

«Батыс Еуропа өмір сүруге ең жайлы аймақ болып қала береді», – дейді рейтинг авторлары.

Сонымен қатар Солтүстік Америка қалалары білім алу үшін ең қолайлы деп танылған.

Бұған дейін ресейлік блогер Илья Варламов «Әлемнің үздік қалалары» тізімінде Алматыны оныншы орынға жайғастырды. Қазақстанның оңтүстік астанасын Кейптаун, Амстердам, Нью-Йорк, Вена, Копенгаген, Берлин, Токио, Сеул және Лондоннан артық көрген. Варламов қала орталығындағы жаяу жүргіншілерге арналған көшелерді, қысқы велосипедтерді, ашық алаңдарды, дәмді тағамдар мен табиғатты атап өткен.