Жаңалықтар

Forbes тізіміндегі бай қазақстандықтарға тиесілі «Павлодарэнерго» шығынын 22 есе қысқартқан

«Павлодарэнерго» шығынын 22 есе қысқартқан. Фото: kursiv.media

Forbes тізіміндегі бай қазақстандықтар Александр Клебанов пен Сергей Канға тиесілі «Павлодарэнерго» компаниясы 2023 жылы шығынын 22 есе қысқартқан. Компания 2022 жылы 22 млрд теңге шығын шеккен болатын. Былтырғы шығыны 1 млрд теңге көлемінде қалыптасқан.

Қазақстан қор бижасында жарияланған аудиттелген қаржы есебіне сүйенсек, 2023 жылғы шығын 1 млрд теңгені құраған. Ал жиынтық кіріс 31 млрд теңге деп көрсетілген.

Кәсіпорынның бір жылдағы түсімі 23 пайыз өскені байқалады. «Павлодарэнерго» 2022 жылы 88,5 млрд теңге түсіс алса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 109,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл ретте сатылған өнімнің өзіндік құны қымбаттаған: 69,5 млрд теңгеден 89,9 млрд теңгеге жеткен. Нәтижесінде жалпы пайда 19,2 миллиард теңгені құрады. Бұл 2022 жылғы нәтижемен шамалас.

Компания қазіргі кезде 341,4 млрд теңгеге тең активке иелік етеді. 2022 жылы бұл көрсеткіш 313 млрд теңгені құраған. Ал меншікті капиталының көлемі 1,5 есе көбейіп, 44,7-ден 79,3 млрд теңгеге дейін жеткен. Есесіне міндеттемелері 268,2-ден 262,1 млрд теңгеге азайды. Компанияның ұзақмерзімді міндеттемелері 57,6 млрд теңгеден 173 млрд теңгеге дейін 3 еседей артқан. Қаржы есебінде компанияның жалпы және әкімшілік шығыны өскені жазылған.

«Павлодарэнерго» 2024 жылы негізінен тарифтердің қымбаттауы есебінен операциялық қызметтен 25 млрд теңгеге дейін қосымша ақша ағынын алуды күтіп отыр.

Компания құрылымында қандай компаниялар бар?

«Павлодарэнерго» компаниясының жалғыз акционері – Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының (ОАЭҚ) 47 пайыз акциясы Александр Клебановка тиесілі болса, 47 пайызы Сергей Канның иелігінде. Сонымен қатар KIF ENERGY S.À R. L. компаниясы – 4 пайыз, ЦАТЭК компаниясы 1,78% үлесті меншіктеген.

Қос олигарх ОАЭҚ арқылы «СевКазЭнерго» және «Ақмола РЭК» компанияларына да иелік етеді. Олар Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтар тізіміне енген. Олардың капиталы 815 млн (12-орын) және 292 млн доллар (31-орын).

«Павлодарэнергоның» құрылымына бүкіл Павлодар өңірін жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған компаниялар енеді:

  • «Павлодар Электржелілік Тарату Компаниясы» АҚ;
  • «Павлодар жылу желілері» ЖШС;
  • «Павлодарэнергосбыт» ЖШС;
  • «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС (Компания құрамында Екібастұз ЖЭО-сы және «Екібастұз жылу желілері» кіреді)
  • «ЦАТЭК Green Energy» ЖШС

«Павлодарэнерго» жаққан көмірі үшін «Богатырь көмірге» 2,3 млрд теңге қарыз. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Сонымен қатар оның еншілес ұйымы «Екібастұзжылуэнерго» да көмір үшін 2,7 млрд теңге борыш жинақтаған.

Екібастұз ЖЭО-сындағы 2022 жылғы апат

2022 жылғы қыстан Екібастұз тұрғындары тоңып шықты. 2022 жылдың 27 қараша күні Екібастұз қаласы ЖЭО-да апат болып, қазандық агрегаттары тоқтады.

Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырды. Қаланы өзі барып аралаған Премьер-министр апатқа кінәлі адамдардың бәрі жауапқа тартылады деп мәлімдеді.

Қыс бойы ЖЭО-да қайта-қайта апат болып, екібастұздықтардың үйлері еш жылымады. Тіпті Президенттің өзі Екібастұздағы үйлерге бірқалыпты жылу беруді тапсырды.

Бұл апат салдарынан компанияға 930 млн теңге шығын келген.

2023 жылдың қаңтарында «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС мен «Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» қайтарымсыз сыйға тарту келісімін жасаған. Соған сәйкес компания мемлекеттік мекемеге баланстық құны 1,8 млрд теңгеге тең активтерді берген. Сол жылдың маусым айында компания мен «Екібастұз қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі» сыйға тартылған активтерді басқару туралы келісімге келген.

Құжатқа сәйкес, 2024 жылдың мамыр айында «Павлодарэнерго» басшылығы Екібастұз қаласы әкімдігінің меншігіне «Екібастұз» ЖЭО-ның өндірістік және әкімшілік ғимараты мен құрылысын, негізгі және қосалқы қазандық жабдықтарын берген. Бұл активтердің жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайды. Egov мәліметіге сүйенсек, «Екібастұз жылуэнерго» әзірге «Павлодарэнерго» меншігінде.