Жаңалықтар

Ұлттық құраманы Париж Олимпиадасына дайындауға қанша қаржы жұмсалды?

Вице-министр киімге кеткен ақшаны «коммерциялық құпия» деп атады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Туризм және спорт вице-министрі ұлттық команданы Олимпиада ойындарына дайындауға бюджеттен қанша қаржы жұмсалғанын айтты.

Вице-министр Серік Жарасбаевтың мәлімдеуінше, Олимпиада ойындарына дайындықты спортты дамыту дирекциясы жүргізеді. 

«Ұлттық құраманы дайындауға және оның Олимпиада ойындарына қатысуына шамамен 980 миллион теңге жұмсалды», – деді Жарасбаев орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте.

Сондай-ақ вице-министр Қазақстан құрамасы үшін форма толығымен дайын екенін жеткізді. Спортшыларға арналған киім демеушілердің қаражаты есебінен тігілгендіктен, оған кеткен ақшаны «коммерциялық құпия» деп атады.

«Барлық форма толығымен дайын. Қазір Астанадағы қоймаларда орналасқан»,-деді ол.

Серік Жарасбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандық спортшылар 25 спорт түрінен 83 лицензия (72 спортшы үшін) жеңіп алған. 5 шілдеге дейін жеңіл атлетикадан спортшылар тағы да лицензиялар жеңіп алады деп күтіліп отыр. 

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 26 шілдесінен 11 тамызына дейін Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өтеді. 200 елден 10 000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Барлығы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Айта кетейік, осыған дейін Париж Олимпиадасына баратын Ұлттық құрама спортшыларының формасын испан компаниясы тігетінін хабарлаған едік.