Қазақстандықтар үш айда 14,7 мың алтын құйма сатып алған

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Алтын құймаларға деген сұраныс азайды ма? Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2024 жылдың II тоқсанында 15 000-ға жуық алтын құйма сатылған. Бұл І тоқсанмен салыстырғанда 22 пайызға аз.

Сәуір-маусым аралығында халық екінші деңгейлі банктер мен айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 779,2 келі 14 752 алтын құймасын сатып алған.

Бұл бірінші тоқсанмен салыстырғанда 4217 дана және 37,2 келіге аз. Алайда өсім жылма-жыл сақталып отыр. 2023 жылдың ІІ тоқсанымен салыстырғанда сатылған алтын құймаларының салмағы 105% өскен.

II тоқсанда алтын құймаларды негізінен Алматы (9 705 дана, 66%), Жетісу облысы (1 515 дана, 10%) және Шымкент (1 173 дана, 8%) тұрғындары сатып алған.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 7 тонна 185 295 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 100 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 25% – 46 007 дана. Одан кейін 10 грамдық алтын құйма – 45 781 дана (25%), 5 грамдық құйма – 41 592 дана (22%), 20 грамдық құйма – 29 796  дана (16%), және 50 грамдық құйма – 22 119 дана (12%).

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.

«Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және бедерлі жиегі бар) және механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз», – деді Ұлттық банк.

Бағдарлама  басталғалы бері ЕДБ мен айырбастау пунктері жалпы салмағы 1 тонна болатын 38 374 алтын құйманы кері сатып алған. Бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 21%-ы. Кері сатып алуға қабылдаған өлшеуіш құймалардың барлығы дерлік халыққа қайта сатылады.

Жақында алтын бағасы тарихи рекордты жаңартты. Спот алтынның унциясы 2,466,02 доллар деңгейінде тұрақтады. АҚШ-тың алтын фьючерстері 0,1%-ға өсіп, 2 470,20 долларды құрады.

Сарапшылар ФРЖ осы айдың отырысында мөлшерлемелерді төмендетеді деп есептемейді. Сондай-ақ Еуропалық Орталық банк, Англия банкі және Қытай Халық банкі жақын арада ақша-несие саясатын жеңілдетуге көшеді деп күтілуде. Бұл Еуропа мен Азияда бағалы металдарға сұранысты арттырады.

Сондай-ақ оқыңыз