Димаш Құдайберген Маңғыстаудың туристік әлеуетін насихаттауға үлес қоспақ

Жарияланды 19 Тамыз 2024 10:25

(жаңартылды 19 Тамыз 2024 11:54)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Димаш Құдайбергеннің Маңғыстау өңіріне сапары / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Димаш Құдайберген Маңғыстаудың туристік әлеуетін насихаттауға үлес қоспақ, бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, Димаш Құдайберген Қазақ туризмінің амбассадоры ретінде Маңғыстаудың тарихи-мәдени жерлерін аралап шықты. Киелі өңірдің руханияты, мәдениеті мен туризмін көрсететін деңгейі бөлек туынды әзірлеуді жоспарлап отыр.

Облыс әкімі Нұрдаулет Қилыбай Димаштың бұл сапары туризмді дамытуға зор серпін беретінін айтты:

Димашты қасиетті Маңғыстау жерінде көргенімізге өте қуаныштымыз. Бұл сапар – облысымыздағы туризмді дамытуға зор серпін береді деп ойлаймын. Баку және Дубай қалаларының үлгісімен Ақтау қаласының бас жоспарын қайта қарау мәселесін қолға алдық. Туристерді тарту мақсатында «Жылы жағажай» аумағында бірқатар ірі жобалар жасалып жатыр. Бұйырса Ақтауды ірі курорттық орталыққа айналдыру жоспарымыз бар,- деді Нұрдаулет Қилыбай.

Маңғыстау облысына алғаш рет келген әнші өңірдің табиғатынан ерекше әсер алғанын және мұндағы туристік нысандарды насихаттауға үлес қосуға дайын екенін айтты.

Бозжыраға жақындай бергеннен бастап, керемет әсерге бөлендік. Ертегі әлеміне тап болғандай күй кештік. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Туризм саласын дамыту бағытында алған істеріңізге сәттілік тілеймін. Демалыс орындарын дайындау, ішкі, сыртқы туристерді тарту оңай жұмыс емес. Бізде ел мүддесі үшін, мәдениетімізді дамыту бағытында жұмыс істесек одан басқа арман жоқ. Осы елдің баласы болғандықтан, барынша қолдауға дайынбыз,- деді Димаш Құдайберген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің Астандағы концертіне билеттер сатылымға шыққаны туралы жазған едік. 13 қыркүйек күні өтетін концертке барлық билет сатылып кеткеніне байланысты, әлемге әйгілі әнші келесі күні тағы концерт беретінін хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз