Қырғызстанның ірі банктерінің бірі Ресейге ақша аударымдарын тоқтатты

Жарияланды
Қырғызстандағы MBank Ресейден аударымдар қабылдамайтынын мәлімдеді / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қырғызстандағы ірі банктердің бірі саналатын MBank («ҚЫРҒЫЗСТАН Коммерциялық банкі») ресейлік банктер арқылы ақша аударымдары тоқтағанын хабарлады. Бұл жайлы қаржы ұйымының баспасөз қызметі хабарлаған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда Ресейдің үш ірі банкімен ақша аударымдары екі бағытта да жүргізілмейді.

«2024 жылдың 16 тамызынан бастап ресейлік банктер, оның ішінде Сбербанк, Тинкофф және МТС арқылы ақша аудару екі бағытта да тоқтатылғанын хабарлаймыз. Бұл қызмет уақытша қолжетімсіз», – делінген хабарламада.

Сонымен бірге банк Ресейден келетін кіріс аударымдары рубль деректемелерін пайдалана отырып, санкцияға ұшырамайтын банктер арқылы ғана жүзеге асырылатынын хабарлаған.

«Қырғызстан» коммерциялық банкі елдегі ең ірі көп қаржы ұйымдарының бірі саналады. Оның MBank интернет-банкингі арқылы республикадағы барлық сауда павильонында ақша аударымдары арқылы төлем қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.

Айта кетсек, сәуірде санкцияға байланысты Қырғызстанның «Елкарт» төлем жүйесінің операторы «Мир» төлем жүйесінің жұмысын тоқтатқан болатын. Бұған АҚШ қазынашылығының «Мир» төлем жүйесінің операторына қарсы санкция салғаны себеп болған.

Жалпы, Орталық Азия банктері ресейлік компаниялардың ақша аударымдарын өткізуден жиі бас тарта бастаған. Шілде айында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы банктер арқылы төлем жасаудан бас тартқан жайттардың үлесі 30%-ға дейін өскен.

Ал Қытай банктерінің 98%-ы Ресейден төлем қабылдаудан бас тартқан. Ресей кәсіпкерлері қытайлық банктердің мамыр-маусым айларына дейін төлем қабылдап келгенін айтады. Ал 20 шілдеден бастап қаржылай транзакция жүргізу қиындаған.

Сондай-ақ оқыңыз