Биометриясыз онлайн қарыз берілмейді, жұбайының келісімінсіз кредит рәсімделмейді. Қазақстанда несие беруге қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Банктік шот немесе төлем картасының иесі анықталмаса несие берілмейді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 2024 жылғы 20 тамыздан бастап халықтың борыштық жүктемесін төмендетуге бағытталған заңның кейбір нормалары күшіне енеді.

Атап айтқанда, енді қаржы ұйымдарына клиентті биометриялық сәйкестендірусіз электрондық қарыздар мен онлайн микрокредиттер беруге тыйым салынады. Сонымен қатар банктер мен МҚҰ барлық төленбеген тұтынушылық кредиттер бойынша 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептемеуі шарт.

Бұған қоса, мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға сыйақы есептелмей, қызмет ету мерзіміне және демобилизациядан кейін 60 күнге автоматты режимде банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдері кейінге қалдырылады.

Сонымен қатар банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидалары бекітілді. Бұл ретте микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК мөлшерінде (2024 жылы 3 692 000 теңге) бекітілді.

«Банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе МҚҰ клиенттің тіркелген некесінің (ерлі-зайыптылығының) болуы туралы ақпаратты Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Ақпарат расталған жағдайда және егер кредит сомасы белгіленген шектен асып кетсе, кредитор жұбайының (зайыбының) банктік қарыз немесе микрокредит беруге келісімін алуға міндетті», – деп хабарлады Агенттік.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев несие беру кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңға қол қойды.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы» қаулыға өзгеріс енгізілетінін хабарлады. Жаңа талапқа сәйкес банктік шот немесе төлем картасының иесін анықтау мүмкін болмаса, клиентке ақша аударылмайды. 

Жуырда енгізілген тағы бір өзгеріс – қазақстандықтар eGov.kz арқылы несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тарта алады. 

Сондай-ақ оқыңыз