Ұлттық банк 2024 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтап қалуы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бұған инфляциялық болжам әсер етті / Архив: kursiv.media

Ұлттық банк 2024 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені қазіргі  14,25% деңгейінде сақтап қалуы мүмкін.

Бұған бірнеше себеп бар. Оның негізгісі – экономикада проинфляциялық қысым күшейген.

Реттеушінің хабарлауынша, дамыған елдердегі орталық банктердің тежеу саясаты нәтижесінде жаһандық инфляция баяулап келеді. Сонымен қатар бұған тұрғын-үй коммуналдық қызметтерінің реформасы аясында тарифтердің қымбаттауы, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ жоғары инфляциялық күтулер әсер етуі мүмкін.

«Ортамерзімді келешекте инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұруды талап етеді. Тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық жаққа ауып, 2024 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені бүгінгідей деңгейде сақтау ықтималдығын арттыруға себепші болып тұр», – деп хабарлады Ұлттық банк.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 29 тамызда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалды.

Бұған дейін, ҰБ Ақша-несие саясаты комитетінің шілдедегі отырысында базалық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдаған. Осылайша көрсеткіш 14,25% деңгейінде қалыптасты. Реттеуші бұл шешімін Қазақстандағы инфляциялық үрдістердің баяулауымен байланыстырған.

Сондай-ақ оқыңыз