
Ресей қолма-қол рубль алып шығу ережесін қатаңдатты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Енді жеке тұлғаларға құжатсыз 1 миллион рубльден артық қолма-қол ақшаны шекарадан өткізуге тыйым салынады. Бұған дейінгі шекті мөлшер 100 мың АҚШ долларына тең болған.
Ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін ақша көлеміне қарамастан қолма-қол рубль шығаруға толықтай шектеу қойылды. Ережені бұзған жағдайда, жеке тұлғалардан 1 миллионнан аса, ал бизнестен барлық қолма-қол қаражат тәркіленеді.
Бұл жаңа ереже Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, соның ішінде Қазақстан, сондай-ақ Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбекстанға қатысты.
Ірі көлемдегі қолма-қол ақшаны алып шығуға қатысты санаулы ғана ерекшелік бар. Ақшаны тек Үкімет бекіткен халықаралық әуежайлар арқылы және банктен шешіп алынғанын растайтын ресми анықтамасы болса ғана алып өтуге болады.
Сондай-ақ шетелдік компаниялардың Ресей арқылы транзиттік тасымалдарына және дипломатиялық өкілдіктердің ресми ақшаларына рұқсат беріледі.
Соңғы уақытта Қазақстанның айырбастау пунктерінде рубльдің ағыны көбейген еді. Дегенмен жаңа шектеу тек қолма-қол рубльге қатысты, ал банк арқылы жасалатын аударымдар мен сауда есеп айырысулары бұрынғыша жалғаса береді.