Алтын бағасының өсуі AltynGold-қа рекордтық пайда әкелді

Жарияланды 29 Қыркүйек 2026 16:41

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
алтын бағасы компания бағасына тікелей әсер етті / фото: Kursiv Media

Қазақстандағы Секисовское алтын кен орнын игеретін AltynGold Plc 2026 жылдың алғашқы жартысында рекордтық қаржылық нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Компания есебіне сәйкес, қаңтар-маусым аралығында түсім 64,6%-ға өсіп, 115,2 млн долларға жеткен. Түзетілген EBITDA 55,4%-ға артып, 68,5 млн доллар, ал таза пайда 58,4%-ға өсіп, рекордтық 42,7 млн доллар болған.

Нәтиженің жақсаруына ең алдымен алтын бағасының қымбаттауы әсер еткен. Компания алтынды орта есеппен бір унциясын 4 615 доллардан сатқан. Бұл былтырғыдан 50,3% жоғары. Ал сатылған алтын көлемі 9%-ға өсіп, 24,6 мың унцияға жетті.

Сонымен бірге өндіріс көлемі 4,7%-ға төмендеп, 23,9 мың унция болған. Бұған өңделген кендегі алтын мөлшерінің бір тоннаға шаққанда 2,04 грамнан 1,76 грамға дейін төмендеуі әсер еткен.

Компанияның шығыны да айтарлықтай өскен. Алтын өндірудің толық өзіндік шығыны (AISC) бір унцияға 1 995 доллар болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1 299 доллар еді. Компания мұны пайдалы қазбаларды өндіру салығының өсуі, теңгенің нығаюы және жалақы шығындарының артуымен байланыстырады.

AltynGold бірінші жартыжылдықта инвестиция көлемін екі еседен астам арттырып, 26,1 млн доллар жұмсаған. Қаражат өндірісті кеңейтуге, жаңа жабдық сатып алуға және жерасты инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Компания 2026 жылы 52–55 мың унция алтын өндіру жоспарын сақтап отыр. Секисовское кен орнында жылына 1 млн тонна кен өңдейтін қазіргі қуатқа тағы шамамен 200 мың тонна қосу көзделген. Кейін өндірісті 2-2,5 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз