Жаңалықтар

Алматылықтар аула мен көшелерін абаттандыру үшін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына жоба ұсына алады

9-25 қыркүйекте «Халық қатысатын бюджетке» өтініш қабылданады / Фото: shutterstock

Алматылықтар аула мен көшелерін абаттандыру үшін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына өз жобасын ұсына алады. Жобалар 9-25 қыркүйек аралығында қабылданады.

Алматының 18 жасқа толған кез келген тұрғыны өз жобасын ұсынып, оны қаланың басқа тұрғындары қолдаса, ол қала бюджеті есебінен жүзеге асырылады.

Қала тұрғындары ұсынысын budget.open-almaty.kz интернет-порталы арқылы жібере алады. Өтінімде жобалық ұсыныстың атауы мен сипаттамасы, орналасқан жерінің мекенжайы, болжалды фотосуреттерді, схема немесе эскизді, жобалық ұсыныстың сметасы болуға тиіс. Бір өтінім 92,3 млн теңгеден (25 мың АЕК) аспауы керек.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы 8 кезеңнен тұрады. Сараптамадан және дауыс беруден сәтті өтетін жобаларды аудан әкімдіктері 2025 жылы жүзеге асырады.

Жобалық ұсыныстар:

  • көгалдандыру;
  • тротуар, пандустар мен арық салу және жөндеу;
  • қоғамдық орындарда (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары, көшелер және өзге де объектілер) жарықтандыру;
  • жиектерді, төсеніштерді, тіреу қабырғаларын жөндеу;
  • полигондарды жою;
  • балалар ойындары мен ересектердің демалысы үшін, жалпы пайдалану орындарында орындықтар, қоқыс жәшіктерін, жабдықтар мен конструкцияларды орнату және жөндеу;
  • аула аумақтарында және жалпы пайдалану орындарында спорт алаңдарын (тренажер алаңдары, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру;
  • санитарияны қамтамасыз ету бойынша қабылданады.

2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бір жобаға 86,2 млн теңге бөлінген болатын.