Су тасқынын болжайтын зерттеулерге Үкімет резервінен 576 млн теңге бөлінді
Үкімет су тасқынын алдын ала болжайтын зерттеулерге 576 млн теңге жұмсамақ. Су тасқынына дайындық барысында жүргізілетін батиметриялық зерттеулерге қаржы Үкімет резервінен бөлінеді.
Бұл қаражат Су ресурстары және ирригация министрлігіне беріледі. Оған қажетті құралдар мен техникалық жабдықтар сатып алынып, зерттеу жүргізіледі. Атап айтқанда, «Қазсушар» мекемесінің «Су метрология» бөлімі су тасқыны қауіпі бар аймақтарда батиметриялық түсірілім жасайды. Одан бөлек, ірі су қоймаларының да жағдайы тексеріледі.
Ал алынған деректер ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ға су тасқынын болжау және модельдеу ақпараттық жүйесіне енгізу үшін беріледі.
Мамыр айында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен жиында Нидерландыдан келген ғалымдар су тасқынының алдын-алуға қатысты жаңа шешімдер ұсынатыны айтылды. Арнайы IT-шешімдер енгізіліп, hydro.gov.kz платформасы іске қосылмақ.
Сонымен қатар елде су ресурстарын басқаратын «Қазгидрогеология» ұлттық акционерлік қоғамы құрылды. Мекеме жерасты су ресурстарын басқаруды цифрландырумен айналысады.
Бұған дейін Қаржы минитрлігі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың инфрақұрылымын қалпына келтіруге Үкімет резервінен 48,8 млрд теңге бөлінгенін хабарлады.