Қазақстан банктерінің таза сыртқы активтері қысқарып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
сыртқы активтер
Екінші деңгейлі банктердің сыртқы активтері қанша/ Фото: shutterstock.com

Тамыз айында Қазақстан банктерінің таза сыртқы активтері 72%-ға: -240 млрд теңгеден -414 млрд теңгеге дейін қысқарған. Таза сыртқы активтер – қаржы ұйымы активтерінің құны мен оның бүкіл міндеттемелері арасындағы айырма сома.

Ұлттық банк статистикасы бойынша, банктердің еркін айналым валютасындағы активтері де 27 %-ға қысқарған. Шілде айында 788 млрд теңгені құраған активтер тамыз айының нәтижесінде 620 млрд теңге көлемінде қалыптасты.

Банктердің бейрезиденттерге қойылған талаптары шілде айындағы 4 трлн теңгеден 4,5 трлн теңгеге жеткен. Ал бейрезиденттер алындағы міндеттемелер 3,2 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге дейін өскен. Яғни ЕДБ-ның сырттан алған қарызы да көбейіп келеді.

Екінші деңгейлі банктердің таза сыртқы активтері биыл мамыр айынан бері теріс мәнде қалыптасып келеді. Сәуір айында 320 млрд теңгені құраған таза сыртқы активтер, бір айда -34 млрд теңгеге айналды. Өткен айдың қорытындысы бойынша банктің таза сыртқы активтері -414 млрд теңгеге жетті.

Банк жүйесіндегі жағдай қандай?

Банк жүйесінің таза сыртқы активтері, Ұлттық қор қаржысын қос алғанда, 50 трлн теңгеге жуықтап қалды. Бұл көрсеткіш шілде айындағы 48,2 трлн теңгеден 3,6% артық.

Басқа таза сыртқы активтердің көлемі -297 млрд теңгені құрады. Бір ай бұрынғы көрсеткіш минус 354,5 млрд теңге болған.

Банк жүйесінің ішкі активтері де қазіргі кезде -9,7 триллион теңгеге тең. Ішкі активтерге орталық мемлекеттік органдар әкімдіктер, банктік емес қаржы институттары, мемлекеттік және мемлекеттік емес қаржы институттары, үй шаруашылықтарына және оларға қызмет көрсететін коммерциялық емес ұйымдарға қойылатын талаптар мен Ұлттық қордың активтер кіреді.

Банк жүйесінің міндеттемелері 40,2 трлн теңге болған. Былтырғы тамыз айымен салыстырғанда, көрсеткіш 16,7%-ға өсті. Банк жүйесіндегі міндеттемелер дегеніміз – айналымдағы қолма-қол ақша, сондай-ақ аударылатын (мерзімсіз) және басқа депозиттер.

Сондай-ақ оқыңыз