Wildberries кеңсесінің жанында атыс болып, екі адам қаза тапты

Жарияланды 18 Қыркүйек 2024 16:19

(жаңартылды 18 Қыркүйек 2024 19:00)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Wildberries құрылтайшыларының ойы екіге бөлінді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Мәскеудегі Wildberries кеңсесінің жанында атыс болып, екі адам қаза тапты. Тағы екі полиция қызметкері жараланды. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлады.

«Wildberries кеңсесінің жанындағы атыс кезінде қаза тапқандардың екеуі де қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген адамдар», – деп жазылған хабарламада.

Осы оқиғаға қатысты тараптар ойы екіге бөлінді. Маркетплейстің негізін қалаушылардың бірі Владислав Бакальчук компания кеңсесіне серіктестерімен бірге келіссөздер жүргізуге келгенін, сол тұста атыс басталғанын хабарлады.

Алайда сауда алаңының тағы бір құрылтайшысы Татьяна Бакальчук оның сөзін жоққа шығарды.

«Ешкім ешқандай келіссөздер туралы келісімге келген жоқ. Бұл рейдерлік басып алу. Дәлірек айтқанда, оның сәтсіз әрекеті», – деді Татьяна Бакальчук.

Оның айтуынша, Владислав Бакальчук, Сергей Ануфриев және Владимир Бакин бастаған бір топ адам Мәскеудегі Wildberries кеңселерін басып алуға әрекеттенген. Қақтығыс салдарынан үш адам жараланған.

Тергеу амалдары басталды. Компанияның тең құрылтайшысы жанжалды кім және не себепті бастағанын анықтау үшін тергеу органдарының өкілдеріне барлық қажетті ақпаратты беретінін жеткізді.

Маркетплейс кеңсесі Мәскеудегі Романов көшесіндегі «Романов двор» бизнес орталығында орналасқан.

Wildberries компаниясына қатысты дау басталғалы бірнеше ай болды. Оның құрылтайшылары, ерлі-зайыпты Татьяна мен Владислав Бакальчук арасында ажырасу процесі жүріп жатыр. Тіпті тараптардың бірі Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтан көмек сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз