Қырғызстанның «Көкбөрі» федерациясы Қазақстанға Ыстықкөл жағасында 1 қарашада қарымта матч өткізуді ұсынған еді. Алайда Қазақстанның көкпар құрамасы бұл матчқа қатыса алмайды. Бұл туралы Қазақстан көкпар федерациясы мәлімдеді.
Федерацияның мәліметінше, ол уақытта көкпаршылар басқа жарысқа қатысады.
«Біздің көкпаршылар Ыстықкөл жағасындағы Келісім кубогына қатыса алмайды, өйткені көрсетілген күндерде басқа маңызды жарыстар жоспарланған. Қазіргі уақытта көкпаршылар сол ойындарға дайындалып жатыр», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 12 қыркүйек күні Астанада көкпардан Қазақстан және Қырғызстан құрамалары Көшпенділер ойындарының ақтық кезеңінде жолдары түйісіп, қазақ көкпаршылары 5:4 есебімен жеңіске жетті.
Финалдық ойын барысында екі елдің көкпаршылары арасында қақтығыс болып, Қазақстанның ҰҚК қызметкері қырғыз көкпаршысына қысым көрсеткен деген ақпарат тараған еді.
Сондай-ақ көкпарда болған дауға байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров «қамшының соққысынан қорқатын болса, көкпар ойнамай-ақ қойсын» деп пікір білдірген еді.