Мұнай бағасы барреліне 60 долларға дейін төмендеуі мүмкін – AERC

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Мұнай бағасының құбылуына не себеп? / Архив: kursiv.media

Мұнай бағасы барреліне 60 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл туралы Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы (AERC) хабарлады.

«Бірақ ұзақмерзімді болжам бойынша мұнай бағасы барреліне 70-72 доллар шамасында төмендеу үрдісімен тұрақтайды», – деп болжады сарапшылар.

Brent мұнай фьючерстері қыркүйек айының басынан бері төмендеп жатқаны байқалады. Бұл Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының болжамына сәйкес келмеді. Бұған дейін сарапшылар баға өседі деп болжаған.

Бұған не әсер етті? Сарапшылар пайымынша, шикізат бағасының құбылуына АҚШ пен Қытайдағы сұраныстың төмендеуі, ОПЕК-тің соңғы есебіндегі жағымсыз болжамдар ықпал еткен. Есепте «2024 жылы шикізатқа сұраныс төмен болатын» деп жазылған. Мұнай бағасына жағымсыз әсер еткен қосымша факторлар жекелеген елдердің, атап айтқанда Ирактың квоталарды сақтамауы.

«Мұнайдың арзандауына АҚШ пен Қытай нарығындағы «қара алтынға» деген сұраныстың төмендеуі, ОПЕК+ ұйымының жыл соңына дейін мұнай өндірісін үдетуі себеп болды», – деп түсіндірді сарапшылар.

Мұнай бағасына соңғы соққы – Ливиядағы саяси дағдарыс.

AERC барреліне 70-72 доллар диапазонында шамалы төмендеу үрдісімен мұнай бағасының одан әрі тұрақтануын болжайды.

2024 жылғы 10 қыркүйектен Brent маркалы мұнай кейінгі 3 жылдағы көрсеткішінен қатты арзандады. Шикізат бағасы барреліне 69,72 долларға дейін құлдырады. Кейін қайта қалпына келе бастады.

Бұл ретте Қазақстанның 2025 жылға арналған бюджет жобасында мұнайдың орташа бағасы барреліне 75 долларды құрайды. Қазақстан мұнайы мемлекет қазынасына (бюджет пен Ұлттық қорға) түсетін барлық салық түсімінің 40%-ын (жылына 8 трлн теңгеден астам) құрайды.

Halyk Finance сарапшылары 2030 жылға қарай мұнайға сұраныс айтарлықтай азаяды. Қазақстан экономикасын әртараптандыру шараларын күшейтуі қажет деп есептейді.

Сондай-ақ оқыңыз