Жаңалықтар

Украина Сыртқы істер министрі аумақ тұтастығы тұрғысынан Қазақстанның қолдау білдіргені үшін алғыс айтты

Украина СІМ Қазақстанға риза екендерін мәлімдеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Қазақстанға өз елінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдағаны үшін алғыс білдірді. Бұл туралы министр өзінің X-тегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, БҰҰ Бас ассамблеясының саммиті аясында ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездескен. Қазақстанға ризашылығын білдірген Андрей Сибига Украинадағы жағдайды баяндап, Орталық Азия елдерімен екіжақты диалог пен байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы «Арнайы әскери операция» деген атпен ауқымды соғыс бастады. Шабуылдың мақсаты ретінде Украинаның Донецк және Луганск облыстарының тәуелсіздігін қамтамасыз ету аталған болатын. 

2022 жылы маусым айында Петербор экономикалық форумына барған кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Донецк және Лугансктің тәуелсіздігін мойындамайтынын және БҰҰ тізіміне жататын 193 елдің ғана тәуелсіздігін мойындауға дайын екенін айтқан еді

2024 жылдың ақпан айында Украина тарапының бастамасы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Украинаның Президенті Қазақстанның қоғамдық ұйымдары арқылы еліне көрсетілген гуманитарлық көмегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Тоқаев Германияның федералдық басшысы Олаф Шольцпен кездескенде Украина мен Ресей арасындағы шиеленіске қатысты пікір білдірді. Президент екі тарап келісімге келмей, шиеленіс тоқтамайтынын, Ресейдің әскери тұрғыда осал мемлекет емес екенін ескерткен.