30 күн ішінде борышкерге хабарлама жіберуі керек: 1 қазаннан коллекторлардың жұмысында не өзгереді?
Борышкердің өтелмеген несие қарызын алған коллекторлар 30 күн ішінде оған берешегін өтеу шарттарын өзгертуге өтініш бере алатынын ескертуі тиіс. 1 қазаннан күшіне енетін жаңа қағидаларға сәйкес, коллекторларға осындай талап қойылады.
Қаржы нарағын реттеу және дамыту агенттігі коллекторлардың жеке тұлғалар берешегін реттеу қағидаларын бекіткен.
«Жаңа ережеге сәйкес, коллекторлық агенттік кредит бойынша құқықты алғаннан кейін, 30 күн ішінде борышты төлеу шарттарын өзгертуге өтініш беру құқығы туралы хабардар етуі тиіс. Егер берешек 1 қазанға дейін сатып алынған болса, хабарлама осы күннен бастап 20 күн ішінде жіберілуге тиіс», – делінген хабарламада.
Бұл хабарламаны алған борышкер ҚНРДА-ға несиесін неге уақтылы төлемегенінің себебін түсіндіріп, сонымен қатар қарызын өтеуге қандай мүмкіндігі бар екенін жазып, өтініш бере алады. Өтінішке табысы азайғанын растайтын құжаттарды қоса беру қажет.
Өтініш берген соң, оны ҚНРДА қарап, құжаттары толық болмаса, қосымша сұратады. Оны 5 жұмыс күнінде тапсыру керек. Егер құжаттар уақытында ұсынылмаса, өтініш қараусыз қалдырылуы мүмкін.
Агенттік борышкердің өтініші мен құжаттарын 15 күн ішінде қарастырып, не оның ұсынысымен келіседі не міндеттемені орындау шарттарын өзгерту жөніндегі өз ұсынысын айтады. Қарыз алушының ұсынысымен келіспесе, себебін түсіндіріп бас тартады.
Коллекторлық агенттіктің борышкерлердің санаты мен қажетті құжаттарын анықтайтын ішкі ережелері болуы және бұл ақпаратты өз сайтында орналастыруы тиіс.
«Сондай-ақ агенттік біржақты тәртіппен неғұрлым тиімді шарттармен борыш шарттарын өзгерте алады, мысалы, айыппұлдарды азайту немесе төлемдерді кейінге қалдыру арқылы. Ол бұл туралы хабарламаны борышкерге 14 күн iшiнде жiберiп, оның өзгерiстерден бас тарта алатынын хабарлауға тиiс», – делінген хабарламада.
2024 жылғы 19 маусымда «Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру жөніндегі» заңға өзгерістер енген. Соған сәйкес, коллекторлар жұмысына да жаңа ережелер қолданылады.
Заңға сәйкес, 2024 жылғы 1 шілдеден 2026 жылғы 1 мамырға дейін коллекторлық агенттіктерге борышкерлердің өтелмеген несиесін беруге тыйым салынды. Оның орнына банктер мен МҚҰ қарызын өтей алмаған борышкермен жұмыс істеп, қарызын қайта құрылымдауы керек. Ал қарызы коллекторға өткен борышкерге өтініш жазып, берешегін реттей алатынын ескертуі тиіс.