«Тал бесіктен жер бесікке дейін», «Мысыр музейі»: Qalam жаңа топтамаларды ұсынады

Жарияланды 26 Қазан 2024 10:00

(жаңартылды 27 Қазан 2024 17:32)
Qalam-ның апталық топтамасы / Фото: shutterstock

Демалысты пайдалы әрі қызықты өткізу үшін ғылыми-танымдық Qalam порталында жарияланған материалдар топтамасын ұсынамыз. Осы аптада: Зерттеуші Зира Наурызбайдың «Тал бесіктен жер бесікке дейін» тақырыбындағы жаңа лекция курсының екі бөлімі, Тұрандот ханшайымының шынайы тарихы, миллиард доллар жұмсалған алып жоба Мысыр музейінің ашылуы және Көне мәдениеттегі қабан бейнесі туралы жауһар жазбаларды оқып көзайым болыңыз.

«Тал бесіктен жер бесікке дейін»

Зерттеуші Зира Наурызбайдың адамның «Тал бесіктен жер бесікке дейінгі» аралықтағы айтулы сәттеріне байланысты тылсымға толы қазақ әдет-ғұрпы туралы Qalam порталына арнайы жазған жаңа лекция курсы. 1-дәріс феминист – Батыр қыз, қорқақ кейіпкерлер қайдан шықты, қазақ халқы неліктен қызды қадір тұтты, дәстүрлі қоғамдағы секс, нәрестеге ұлттық сананы қалай сіңіреміз мазмұнындағы зерттеулер.

Бесік. 20 ғасырдың бірінші жартысы. Фотосурет Д. Багаева. ҚР КФжӘ ОМА

Қазақ тойы кейде шамадан тыс ұзақ, той, сый-сияпат, жоралардың тым күрделі кешеніне айналғандай көрінеді. Сондықтан жұрт арасында тойды қайта жаңғырту я форматын өзгерту жөнінде әңгімелер жиі көтеріліп жүр. Ал кейбір жас жұбайлар тіпті қаражатты тойға емес, саяхатқа жұмсауды құп көреді. Дегенмен әр отбасының мәселені шешудегі жолы алуан түрлі болғандықтан, біз осы бір күрделі ұғымды зерттеуші Зира Наурызбайдың «Тал бесіктен жер бесікке дейін» лекция курсының 2- дәрісінде мәдениеттану тұрғысынан түсінуге тырысатын боламыз.

Дала ханшайымы Грузияны аман алып қалды?

Джакомо Пуччинидің «Тұрандот» операсының постері/Alamy

Карло Гоццидің «Тұрандот» деп аталатын пьеса-ертегісі есіңізде бар ма? Аталған туындыда құпия сырын аша алмай қолын сұрап келген жігіттерді жазалаған, татар ханзадасына ессіз ғашық болған қатігез қытай ханшайымы жайында сөз болады. Оның үстіне бұл жалпы кісінің есімі дегенге қатысты да күмәндар бар! Ертеде парсылар Тұрандоха («Тұран қызы» я «Тұранның қызы») деп хан қыздары мен жергілікті билеушілердің жарын атайтын болған. Бұл жазбадан Тұран қызының Грузия даласын қалай аман алып қалғаны туралы біле аласыздар.

Үлкен Мысыр музейі

Үлкен Египет музейінен көрінетін Гиза пирамидалары/Photo by Mohamed Elshahed/Anadolu via Getty Images

Үлкен Мысыр музейінің құрылысы 2002 жылы бұрынғы президент Хосни Мүбәрактың тұсында басталған. Әдеттегі ірі құрылыстар секілді, бұл жобаның құрылысын бірнеше рет кейінге шегеріп, жобаның құны қымбаттай түсті. Енді, міне, әлемдегі ең үлкен археологиялық музей (аумағы 81 000 ш.м. ) келген қонақтарға есігін айқара ашты. Миллиард доллар жұмсалған алып жоба туралы толығырақ білгіңіз келсе сайтқа кіріп оқуыңызға мархабат!

Қаһарлы қабан

Қабан петроглифінің суреті/Ольга Гумирова

Көшпенділер мифологиясында жабайы қабанның бейнесі: бір жағынан — бұл қаһарлы және қауіпті аң, жерасты әлемнің өкілі, әлемдік зұлымдықтың символы іспеттес, ал екінші жағынан — әл-ауқат пен сенімнің, табандылықтың нышаны.

Алматы облысындағы Кіші Қойтас петроглифтерінің бір бөлігі Үлкен және Кіші Өзек өзендерінің тоғысқан жеріндегі бөгет құрылысы жүріп жатқанда жойылып кеткен. Қазір де өзеннің жағалауындағы тас үйінділерінен тұяқ пен мүйіздің фрагменттері бар сынған тастарды кездестіруге болады. Кіші Қойтастағы көріністің композициясы өте күрделі әрі қат-қабаты көп, сондықтан оны біржақты түсіндіру мүмкін емес. Таста бейнеленген бірнеше жабайы қабан онша ызалы еместей, бастары салбырап, құйрықтарын көтеріп жайылып жүргендей көрінеді. Тасқа қашалған жабайы қабанның тарихтан қандай сыр шертетіні қызық болса  Qalam порталына кіріп, таныс болыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз