Ұлттық банктің рекордтық деңгейде валюта сатқанына қарамастан, қазанда теңге бағамы 1,5%-ға құнсызданды
Қазан айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы долларға шаққанда 488,23 теңгеге дейін 1,5%-ға құнсызданды, деп хабарлады Ұлттық банк.
Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 222 млн доллардан 278 млн долларға дейін өсті. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 6,1 млрд долларға жетті.
Ұлттық қордан аударымдар
Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 1 340 млн доллар сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 22%-ын және күніне 70 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады.
«Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді», – деп хабарлады бас банк.
Зейнетақы қорының активтері
БЖЗҚ-дағы валюталық активтер үлесі 40%-ға жеткенін ескере отырып, биылғы 10 қазаннан бастап Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі үшін доллар сатып алуды тоқтатты.
Осылайша қазанда БЖЗҚ зейнетақы активтеріне шетел валютасын сатып алу сомасы 228 млн АҚШ долларын немесе нарықтағы жалпы көлемнің шамамен 4%-ын құрады.
«Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акцияларын сатып алу бойынша
Ұлттық Банк Ұлттық қорға «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акцияларын сатып алу туралы шілдедегі Үкімет шешімін іске асыру аясында Ұлттық қордағы валюталық активтердің бір бөлігін сату арқылы Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтеріне конвертациялады. Нарықтық бейтараптықты сақтап, осы операцияны валюта нарығына шығару үшін реттеуші шілденің ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі сатуға кірісті.
Қазанда аталған операция аясында Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі 253 млн долларды құрады. 2024 жылғы қарашада алтын-валюта резервтерінен 130 млн доллардан 140 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатып алынбақ.
Қарашада Ұлттық қордан 1,3 млрд долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылады
Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне сай, Ұлттық Банк республикалық бюджетке трансферттер бөлуге 2024 жылғы қарашада Ұлттық қордан 1,2 млрд доллардан 1,3 млрд долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп болжап отыр.
Бас банк дерегінше, 2024 жылғы 30 қазандағы жағдай бойынша 39,9%-ды құраған зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ескере отырып, 2024 жылғы қарашада БЖЗҚ үшін валюта сатып алу жоспарланып отырған жоқ.
Еске сала кетсек, осы аптада теңге бағамы құнсызданды. Биржадағы саудада 1 долларға 493 теңгеге жетті. Сарарапшы мұны Ресей экономикасындағы жағдаймен байланыстырды.