Алматыда өткен «Қазақ аруы-2024» байқауында дауыс беру нәтижесіне қатысты даудан кейін, қайта дауыс беру ұйымдастырылды. Алайда қайта дауыс беру нәтижесінде тағы да Қызылорда өңірінің өкілі Ақкербез Ысқаққызы жеңімпаз атанды. Бұл туралы «Қазақ аруы» байқауының ресми Instagram парақшасында жарияланды.
Байқау продюсері Баян Мақсатқызының айтуынша, мұның алдында байқауда дауыс беру жүйесі расымен де істен шыққан. Оның сөзінше, шамамен жарты миллион адам дауыс берген, бірақ Telegram-бот барлық дауысты қабылдай алмаған. Осыған байланысты байқау жеңімпазын анықтау үшін қайта дауыс беруге шешім қабылданды.
Байқау отандық телеарна эфирінде көрсетілді. Дауыс беру сілтемесі жаңартылып, 2,5 сағат берілді. Тікелей эфир барысында халық қайтадан дауыс беріп, нәтижесінде 37,4% дауыс жинаған Ақкербез Ысқаққызы жеңімпаз атанды.Қайта дауыс беру нәтижесінде өзгерістер болды. 2-орынды бұған дейін 3-орын алған алматылық ару Назерке Мырзағалиева (28,3%) иеленсе, тағы бір алматылық ару Ақерке Серікжан екінші орыннан бір сатыға төмен түсті (12,4%).