«ҚазТрансОйл» ауаны ластайтын қалдықтарды азайту үшін мұнай резервуары паркін жаңғыртып жатыр
«ҚазТрансОйл» АҚ атмосфераны ластайтын зиянды заттарды азайту мақсатында резервуар паркін жаңғыртып жатыр. Экологиялық бастама аясында компания Т. Қасымов атындағы мұнай айдау станциясында сыйымдылығы 20 мың текше метр болатын мұнай сақтауға арналған резервуарға понтон орнатуды аяқтады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды.
Бұл құрылғы мұнайдың булануын айтарлықтай азайтып, атмосфераға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін 80%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Понтон – резервуардың ішінде бекітілген шатырдың астына орнатылатын қалқымалы құрылғы. Ол мұнайдың бетін газ кеңістігінен оқшаулап, буланудың алдын алады.
Бұдан бөлек, «ҚазТрансОйл» АҚ буланған газды қайта өңдеу үшін газ теңестіру жүйелері мен арнайы қондырғыларды пайдаланып, сондай-ақ қазандық қондырғыларын табиғи газға ауыстырып жатыр.
2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында компания объектілерінен атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтардың көлемі былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға азайды.
2024 жылдың 9 айында «ҚазТрансОйл» (ҚТО) компаниясы 31,6 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 4,9% төмен. Былтыр 9 айда 33,3 млрд теңге таза табыс тапқан болатын. ҚТО-ның 9 айдағы шоғырландырылған есебіне сәйкес, қаңтар-қыркүйек айларында 230,6 млрд теңге түсім түскен. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 9,8% жоғары. Компанияның жиынтық активі 1,3 трлн теңгеге тең. Міндеттемелері 376 млрд теңгені құрайды.