Мамандар кредиттен ерте құтылудың бірнеше жолын ұсынды
Кез келген адам кредитін уақытынан бұрын жауып тастауға ұмтылады. Ол мүмкін бе? Әрине. Тек бірнеше әдісті орындасаңыз болғаны. Назарларыңызға мамандар дайындаған бірнеше кеңесті ұсынамыз
Бірінші әдіс. Көлемі үлкенінен кішісіне қарай жабыңыз
Бұл әдіс бойынша, сіз алдымен пайыздық мөлшерлемесі үлкен несиені төлеп бітіп, содан кейін одан азына өтесіз. Бірақ кредиттердің пайыздық мөлшерлемесі бірдей, мерзімі әртүрлі болса, алдымен қайсысының мерзімі ұзақ соны төлеңіз. Мұндай кезде ескеру керек нәрсе, ең алдымен пайызды, содан кейін ғана негізгі қарызды төлейсіз. Сол үшін ұзақ мерзімді қарыздарды төлеу қымбатқа түседі.
Алдымен барлық қарыз тізімін жазыңыз. Кредиттік карта бойынша қарыз, тұтыну кредиті, ипотека және тағы басқа. Әрқайсысының қанша сомасы қалғанын, пайыздық мөлшерлемесін және ай сайынғы төлем сомасын да жазып қойыңыз. Қарыздарды пайыздық мөлшерлемесінің көбінен азына қарай деген тізімде жазыңыз. Бірінші орында пайызы ең жоғары кредит тұрады. Ең алдымен соны төлеуге күш саласыз, қосымша төлем жасайсыз. Әрине, басқа кредиттердің төлемін ұмытпаңыз. Бірінші кредитті төлеп біткен соң қалған ақшаны тізімдегі басқа қарызды төлеуге жұмсайсыз.
Мәселен сіздің, екі кредитіңіз бар. Біреуі микрокредит делік, пайызы өте жоғары. 6 айға 200 000 мың теңге қалып тұр. Сіздің мақсатыңыз – соны бірінші жабу. Ол үшін ай сайынғы 30 мың орнына 60 мың немесе одан да көп сома төлеңіз. Соның арқасында микрокредитті 6 айдан аз уақытта төлеп бітесіз, ал «босаған» ақшаны келесі кредитті төлеуге жұмсайсыз.
Тағы бір маңызды сәт – уақытын бұрын төлегенде кредиттің ай сайынғы сомасын емес кредит уақытын қысқартуды таңдаңыз, солай тиімді болады.
Екінші әдіс. Азынан бастап төлеңіз
Бұл әдісте ақшасы аз кредитті бірінші төлеп тастауға тырысасыз. Былай қарасаңыз, ол тиімсіз сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ психология тұрғысынан, осындай кішкентай қадамның өзі сізге мотивация береді. Пайызы ең аз кредитті толық жауып тастағанда, сізде тағы біршама ақша «артылып қалады», оны келесі кредитті жабуға жұмсайсыз.
Бұл жолы да алдымен барлық кредит тізімін жазып алыңыз. Бүкіл фокусыңызды тізімдегі ең аз қарызды төлеуге жұмсаңыз.Оны төлеп біткенде, тізімде жоғары тұрған екінші кредитке көшесіз. Бірақ басқа кредиттердің ай сайынғы төлемін кешіктірмей, төлеп отырыңыз.
Мәселен, сізде кредиттік карта бойынша 50 мың қалды. Бөліп төлеу бойынша 120 мың теңге және тұтыну кредит бойынша 80 мың және 150 мың теңгелік несиені төлеу керек делік. Сіз осылар бойынша ай сайынғы төлемді аударып отырыңыз, бірақ сіздегі бар қосымша ақшаны соның ішіндегі ең аз кредит 50 мың теңгені өтеп тастауға жұмсайсыз. 1-2 ай ішінде жауып тастаған соң, келесі 80 мың теңгелік кредитті жабуға кірісесіз. Осылай кете береді.
Үшінші әдіс. Толық төлеп құтылу
Егер әртүрлі банкте әртүрлі қарыз болса, шарты қолайлы кредит алып, барлық қарызды бірден төлеп тастауыңызға болады. Содан кейін тек бір жерге ай сайын бір рет қана төлем жасап отырасыз. Оған сізге қайта қаржыландыру бағдарламасы көмектеседі. Бұл әдістің тиімді тұсы – үстіне пайыздық мөлшерлемесі аз несие түрін таңдасаңыз, үстінен төлейтін ақша да аз болады.
Мұның барлығы тек кеңес қана. Міндетті түрде әртүрлі нұсқаларды қарастырып көріңіз. Егер сұрақты мейлінше ұқыпты зерттемесеңіз, кредиттің шұңқырдан шыға қоюыңыз екіталай.