5 жылдан кейін Қазақстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің үштен бірін құрауы мүмкін

Жарияланды
Әлемде мемлекеттік қарызы көп ел – АҚШ пен Қытай/Фото:shutterstock

Халықаралық валюта қорының болжамынша, 2024 жылдың соңында әлемдік мемлекеттік қарыз 102 трлн долларға жетеді. Оның ішінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы да көбейе түседі.

2024 жылдың көрсеткіші бойынша, елдің ЖІӨ үлесіндегі мемлекеттік қарыз көлемі 24,8%-ды құрайды. 2029 жылы бұл көрсеткіш 36,6%-ға жетуі мүмкін. Қазір Қазақстанның мемлекеттік қарызы, 2024 жылғы 1 қазандағы есеп бойынша, 30,5 трлн теңге немесе 63,6 млрд долларды құрады.

Жалпы бір жыл ішінде әлемдік мемлекеттік қарыз 5 трлн долларға ұлғайды. Мамандар сөзінше, болашақта бұдан да тез өсуі мүмкін. Оған халықтың қартайып, денсаулық сақтауға кететін шығындардың көбеюі себеп болып отыр. Оның үстіне геосаяси жағдай шиеленісе түсуіне байланысты қорғанысқа бөлінетін шығын артып, мемлекеттік бюджетке артық жүк болуы мүмкін.

Әлемдегі ең ірі экономика АҚШ-тың борышы да жыл сайын өсіп жатыр. Бүкіл әлемдегі мемлекеттік қарыздың 34,6%-ы Америкаға тиесілі. Екінші орында Қытай тұр. Әлемдік сыртқы қарыздың 16,1%-ы осы елдің борышы.

Болжам бойынша, алдағы бес жылда Қытайдың ЖІӨ үлесіндегі мемлекеттік қарыз үлесі 111,1%-ға жетеді. Қазір бұл көрсеткіш 90,1%-ды құрайды. Жақында қытайлық шенеуніктер егер Трамп Қытайдан импортталатын тауарларға үлкен тарифтер енгізетін болса, экономиканы қолдайтын шаралар қабылдайтынын айтқан еді. Егер олай болса, Қытайдың ЖІӨ үлесіндегі борышы  жоғарыда айтқан болжамнан да асып түсуі мүмкін.

Үндістанның қарызы 3,2 трлн долларға жетті. Бұл 2019 жылдағы ковидтік кезеңмен салыстырғанда 74%-ға артық. Бірақ мамандар 2024 жылы ЖІӨ үлесіндегі борыш көлемі 83,1% болса, 2028 жылы 80,5%-ға дейін төмендеуі мүмкін екенін айтады. Оған экономикалық өсімнің жоғары болуы және елдің табысын көбейтетін фискалды саясат себеп.

Еуропада ең көп мемлекеттік қарыз – Ұлыбританияда, 3,65 трлн доллар. Жалпы Еуропадағы ЖІӨ үлесіндегі қарыз көлемі Солтүстік Америка немесе Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдермен салыстырғанда төмендеу. Бірақ мамандар экономикалық өсім азайып, сауда соғысы көбейіп, халықтың қартаюына байланысты еуропалық елдердің бюджетіне салмақ түсуі мүмкін деп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз