Теңге бағасын ұстап тұру үшін Ұлттық Банк Тоқаевтың сөзіне қарсы әрекет ете ме?
2025 жыл басы бір доллар үшін 525,00 теңге деген бағаммен ашылды. Бүгін Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ұлттық валюта курсына әсер ететін факторлар жайлы түсіндірді.
Теңгеге әсер етуші валюталар
Банк төрағасы орынбасарының сөзінше, қазір теңгеге әсер етіп отырған екі фактор бар. Оның бірі – АҚШ долларының нығаюы.
«Максимум екі жыл ішінде америкалық доллар индексі 108 пунктке жетті. Бұл инвесторлардың америкалық валютаға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Бірақ әлем бойынша басқа ұлттық валюталардың позициясына теріс әсер етіп отыр», – дейді Молдабекова.
Ал екінші бір әсер етуші фактор – рубльдің динамикасы. Ресейдің Қазақстан сауда айналымындағы рөлі айтарлықтай болғандықтан нарық қатысушылары оған назар аударуға дағдыланған. Бірақ бұл жағдай өзгеруі қажеті дейді Әлия Молдабекова.
«Менің ойымша, қазіргі жағдайдағы Ресей рублінің динамикасы бағдар болмауға тиіс және ол нарықтың шамадан тыс реакциясына ықпал етуі мүмкін. Ал бұл жергілікті нарықта бағамның қалыптасуын бұрмалап, артық құбылмалылыққа әкеледі. Қазіргі уақытта біздің елдеріміздің нарықтары әртүрлі жағдайда жұмыс істейтіні анық. Сондықтан осы жағдайларда Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты күрт ауытқуы теңге/доллар айырбастау бағамында көрінбеуі керек, өйткені ол іргелі экономикалық шындыққа сәйкес келмейді», – дейді ол.
Ұлттық Банк пен Тоқаевтың ойы бір жерден тоғыспай тұр ма?
Ұлттық Банк өкілі теңгеге негізсіз қысым күшейетін болса, алтын-валюта резервтері есебінен валютаның қосымша ұсынысын қамтамасыз етуге дайын екенін баса атап өтті.
Ал бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жарияланған сұхбатында теңгенің бағамын ұстап тұру үшін резевтерді босқа жаратуға қарсы екенін айтып еді.
«Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын», – деген еді ол сұхбатында
Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр деген еді ол. Еске салайық,, былтыр желтоқсанда теңге бағамы құбылып тұрғанда реттеуіш 307 млн доллар сатқанын мәлімдеген.