Қазақстан нарығына төртінші ұялы байланыс операторы қашан шығуы мүмкін?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстанның байланыс нарығындағы бәсекені күшейту үшін төртінші ұялы байланыс операторы қосылуы мүмкін. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, тағы бір ұялы байланыс операторын іске қосу үшін жиілік жолағы дайын тұр.

Қазақстанда қазір ірі үш байланыс операторы жұмыс істейді: Kcell/Aсtiv, Beeline және Tele2/Altel. Соңғысын жақында қатарлық инвестор сатып алған. Үкімет нарыққа шетелдік инвестордың келуі бәсекені арттырады деген үмітте. Нәтижесінде алдағы жарты жылда, біріншіден, байланыс сапасы жақсарып, екіншіден, тариф арзандауы тиіс.

Егер нарықтағы жағдай өзгермесе, Цифрлық даму министрлігі төртінші байланыс операторын ашпақ.

«Мен қазір ұялы байланыс операторларының құлақ асқанын қалаймын: егер нарықтағы жағдай өзгермесе, нарыққа төртінші ұялы байланыс операторын шығарамыз. Сондықтан олар өз клиенттерінің қажеттіліктерін ескеріп, нарықты жаулауға тырысқаны дұрыс. Әйтпесе, осы нарықтағы бәсекелестікті одан әрі күшейтуге мәжбүр боламыз», – деп қосты Оразбек.

Tele2/Altel байланыс операторын сатып алған инвестормен жасалған келісімге сәйкес, алдағы екі жылда нарыққа жаңа ойыншы шықпауы керек. Сондықтан вице-министрдің болжамы тек екі жылдан кейін жүзеге асуы ықтимал.

«Қазақтелеком» компаниясы «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ны қатарлық Power International Holding холдингіне сату туралы мәмілені қаңтарда толық жапқаны белгілі.

Сондай-ақ оқыңыз