2024 жылы бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан 6,3 трлн теңге алынған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

2024 жылы Ұлттық қордан жалпы 6,3 трлн теңге қаржы алынған. Оның 5,6 трлн теңгесі – қордан тікелей алынған трансферттер болса, 467 млрд теңгесіне акциялар сатып алынған. Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін 238 млрд теңгеге квазимемлекеттік сектордың облигациялары сатып алынды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Қазір Ұлттық қор валюталық активтерінің жалпы көлемі 58,8 млрд долларды құраған. Ұлттық банк басшысы Үкіметпен бірлесіп қаражатты Қазақстандағы жобаларға инвестициялаудың оңтайлы тәсілін тапқанын айтты.

Осыдан ондаған жылдар бұрын Ұлттық қордың қаражатына облигациялар ұзақ мерзімге және нарықтық емес мөлшерлемемен сатып алынған. Бұл Ұлттық қордың тікелей және қомақты шығын шегуіне әкеп соқты.

Сүлейменов қазіргі қарыз алу шарты нарықтық шарттарға жақын екеніне сенімді.

«Бұл болашақ ұрпаққа арналған қордың мүддесі мен стратегиялық жобаларды іске асыру маңыздылығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді», – деді ол.

Ұлттық қор ақшасы стартаптарды қаржыландыруға жұмсалады

Бас банк Үкіметпен бірлесіп Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды бағалау тиімділігін арттырудың жаңа тетігін әзірлеген. Оған сәйкес, арнайы инвестициялық бағдарлама жасалып, экономиканың алдыңғы қатарлы секторларында стартаптарды қаржыландырылмақ.

«Бастапқы кезде ол Ұлттық қордың балама инвестициялар портфелі арқылы қаржыландырылатын болады. Жобаларды құрылымдау үшін Астана халықаралық қаржы орталығының инфрақұрылымын да пайдалана отырып жүргіземіз», – деді ол.

Бұл ретте президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасы Ұлттық қор қаржысына тәуелді болып отырған мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз