Шағын бизнес жабылып тынады: заңгерлер ҚҚС шегін төмендетуге қарсы петиция жариялады
Белгілі заңгер Жангелді Сүлейменов пен Ануарбек Сқақов қосыша құн салығының шегін төмендетуге қарсы петиция жариялады. Олардың пайымдауынша, ҚҚС шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету шағын және орта бизнеске (ШОБ) айтарлықтай ауыртпалық түсіріп, жабылуына ықпал етеді. Өйткені салық жүктемесінің артуы кәсіпкерлерге үлкен қиындықтар тудырады.
Қосымша құн салығы көтерілсе, ШОБ қандай қиындыққа тап болады?
Біріншіден, заңгерлер қазіргі 20 000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріндегі шек, яғни 2025 жылы 78 640 000 теңге – ШОБ үшін онсыз да қолайсыз екенін айтады. Көптеген кәсіпкер бұл шектен аспауға тырысады.
Екіншіден, ҚҚС бойынша есепке тұру кәсіпкерлерді өз тауары, жұмысы мен қызметінің бағасына 20% қосымша салық қосуға мәжбүрлейді. Бірақ нарықтағы баға одан әрі шарықтап кетуі мүмкін.
Үшіншіден, заңгерлердің пікірінше, ШОБ-тың көпшілігі ҚҚС-ты шегеруге құқылы емес. себебі олар өз өнімдерін өздері өндіреді немесе олардың жеткізушілері ҚҚС төлеушілері емес.
ШОБ-тың қосымша шығыны артады
Төртіншіден, ҚҚС – әлемдегі ең күрделі салық түрлерінің бірі. Оны есептеудің өзі оңай емес. ҚҚС шегін төмендейтін болса, онда әрбір жеке кәсіпкер есепші жалдауы керек болады. Олардың қызметі ШОБ-қа қымбатқа түсетіні анық.
«Егер ҚҚС-ты уақытында дұрыстап төлемесе, салық органдары кәсіпкерлерді тексеріп, қатаң шаралар қолданады. Олардың қатарында банк шоттарының бұғатталуы, ҚҚС тіркеу есебінен шығарылу бар. Бұл шаралар кәсіпкерлерді банкроттыққа әкеліп, бизнесін жабуға мәжбүрлейді», – петиция авторлары.
Сондықтан заңгерлер Үкіметті ҚҚС бойынша есепке алу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендету бастамасынан бас тартуға шақырады.
Үкіметтің ұсынысы қандай?
Қаңтардың соңында Үкімет ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынды. Қазір бұл меже 78 миллион теңгені құрайды. Ұлттық экономика министрлігінің ұсынысы қабылданса, қаржы айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер қосымша құн салығын төлеуі мүмкін.
Одан бөлек министрлік ҚҚС мөлшерін 12 пайзыдан 20 пайызға дейін көтеруге ниетті. ҚҚС қанша пайызға көтерілетіні ақпанның ортасынба белгілі болады.