Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынбек Қоразбаев 77 жасқа толып, туған күнін дүркіретіп атап өтті. Бұл мерейтойға қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары – Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева, Нұрболат Абдуллин және басқа да өнер жұлдыздары жиналды.
Той барысында Қоразбаев тек өзіне арналған құттықтаулар мен жылы лебіздерді қабылдап қана қоймай, өнердегі шәкірттерімен бірге би билеп, жас кезін еске алды. 77 жасында осындай ширақтық танытқан композитордың биі желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Көпшілік «Нағыз өнер адамы жасына қарамай, өмірге құштар болуы керек» деп жылы пікірлерін білдірді.
Алтынбек Қоразбаев – қазақ музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның «Сырғалым», «Қара пима», «Жайлаукөл кештері» секілді әндері бірнеше буын тыңдармандарының жүрегінен орын алған.