Nissan акциялары Токиода 7,3%-ға қымбаттады. Мұндай өсімге компанияның жаңа серіктесті америкалық технологиялық алыптар арасынан іздеуі себеп болды. Бұған дейін компания Honda-мен бірігу жөніндегі келіссөз тығырыққа тірелгенін мәлімдеген еді. Енді автоконцерн жаңа альянс іздеп жатыр.
6 ақпанда Токио биржасындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша Nissan Motor-ға тиесілі бір акцияның құны 415,1 иенге (2,7 доллар) жетті. 7,3%-дық өсімге Bloomberg жариялаған мәліметтер түрткі болды.
Агенттік дереккөздері Nissan-ның Honda-мен бірігу жөніндегі келіссөздері сәтсіз аяқталғанын, компания енді АҚШ-тан технологиялық серіктес тапқысы келетінін хабарлады. Өйткені, Солтүстік Америка Nissan үшін негізгі нарық болып қала береді.
Nikkei Asia мәліметінше, 1 ақпанда Nissan президенті Макото Утида Honda Motor басшысы Тошихиро Мибемен кездесіп, бірігу жөніндегі келіссөздерді тоқтататынын мәлімдеді.
Bloomberg сарапшыларының пікірінше, Honda-мен ынтымақтастықтан бас тарту Nissan үшін үлкен тәуекел болып саналады. Себебі компанияның қазіргі жағдайы Nissan-ды әлеуетті серіктестер үшін тартымды ете қоюы екіталай.
FactSet мәліметтеріне сәйкес, соңғы айлардағы сарапшылардың орташа ұсынымы Nissan акцияларын «портфельде ұстау керек» (Hold) деген кеңеске саяды. Орташа мақсатты баға – 410,7 иен. Бұл келесі жылы акциялардың шамамен 1%-ға төмендейтінін білдіреді.
Бұған дейін, Nissan директорлар кеңесі Honda-мен бірігу жөніндегі келіссөздер тығырыққа тіреліп, үзілетіні хабарланған.