Жаңалықтар

Ұшақ апаты. Ресей кінәсін мойындамаса, Әзербайжан халықаралық сотқа жүгінеді

Ұшақ апаты. Ресей кінәсін мойындамаса, Әзербайжан халықаралық сотқа жүгінеді/Фото: ҚР Көлік министрлігі

Қазақстанның Көлік министрлігі AZAL әуе компаниясына тиесілі ұшақтың апаты туралы алдын ала есебін жариялағаннан кейін де Ресей тарапы оқиғаны біржақты түсіндіруді жалғастыруда. Бұл туралы әзербайжандық Apa.az басылымы жазды.

Басылым есептегі нашар метеожағдайға байланысты экипаж екінші рет қону әрекетін орындай алмай, Бакуге оралу туралы шешім қабылдағаны туралы ақпаратты келтіреді.

«Осы сәттен кейін борттағы CVR құрылғысына екі бөгде дыбыс тіркелген, олардың аралығы 24 секунд. Бірінші дыбыстан 4 секунд өткен соң, үшінші гидравликалық жүйе істен шықты. Тағы 6 секундтан кейін – бірінші, ал 21 секундтан кейін – екінші гидравликалық жүйе істен шығып, ұшақ толық басқарусыз қалған» деп жазады есеп ақпараты туралы.

Ұшақ зақымы

Басылым ұшақтың фюзеляжында, тік және көлденең тұрақтандырғыштарында, сол жақ қанатында және сол жақ қозғалтқышында көптеген тесік және зақымдану анықталғанына назар аударған.

«Бұл зақымдар сыртқы объектілердің әсерінен болғаны расталды. Құстармен соқтығысу белгілері анықталған жоқ. Әуе кемесіне жатпайтын бөгде объектілер табылып, тәркіленді» деп жазады Аpa.az.

Ресей оқиғаны бұрмалауға тырысуда

Әзербайдандық медиа ресейлік ресми тұлғалар, сарапшылар және БАҚ өздерінің қатысы барын жоққа шығарып, кінәні экипажға жүктеуге талпынып жатқанын атап өтті.

«Бұл тактика 2014 жылы Донбасс үстінде атып түсірілген малайзиялық Boeing 777 оқиғасымен ұқсас. Ол үшін Мәскеу әлі күнге дейін жауапкершілікті мойындаған жоқ» дейді басылым.

Ханкаладағы әскери база

Аpa.az дерегінше, қазіргі уақытта Грозный маңындағы Ханкала әскери базасында тергеу жалғасып жатыр. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, ұшаққа дәл осы базадан оқ атылған.

Халықаралық сотқа жүгінуге дайындық

Басылым Әзербайжан барлық дәлелдерді жинап, айғақтар базасын қалыптастырып жатқанын атап өтті.

«Егер Ресей кінәсін мойындамаса, Баку халықаралық сотқа жүгінуге дайын» делінген хабарламада.

Көлік министрлігі Ақтау маңында құлаған Әзербайжан ұшағының апатына қатысты жариялаған алдын ала есебінде бортқа сырттан соққы жасалғанын растаған. Ал Әзербайжан тарапы ұшақты Ресейдің зениттік кешендері атып түсіргеніне сенімді. Бұған Ресей ресми пікір білдірген жоқ.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 25 желтоқсанда AZAL-ға тиесілі жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапқан, 29 адам жарақат алған.