
Продюсер Баян Алагөзованың Меруерт Өтекешовадан сыйға алған тарихи қамзолы туралы жазбасы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Осыған байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түсініктеме беріп, жағдайдың мән-жайын түсіндірді.
«Қазақфильм» қорындағы түпнұсқа
Министрліктің мәліметінше, аңызға айналған Қыз Жібек» фильмінде пайдаланылған жәдігер «Қазақфильм» киностудиясының музей қорында сақталған. Бұл экспонат ұлттық кинематографияның маңызды мәдени мұрасы ретінде мемлекет қорғауында.
Продюсердің жазбасында көрсетілген «екінші қамзолдың» қалайша жеке адамның қолына өткені және оның тарихы қазіргі уақытта министрлік тарапынан анықталып жатыр.
Министрлік ұлттық фильмдердегі құнды реквизиттер мен костюмдерді жинау және реставрациялау жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы басты жаңалық – «Қазақфильм» базасында заманауи үлкен музей ашылмақ.
«Болашақ музейде отандық кино тарихына қатысты бірегей экспонаттар жинақталып, олар қалың көпшілікке қолжетімді болады», – делінген хабарламада.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдени құндылықтарды қорғау мәселесі басты назарда екенін ескертті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова өзінің инстаграм парақшасында Меруерт Өтекешованың «Қыз жібек» фильміндегі киген қамзолын көрсеткен еді.