inDrive негізін қалаушы Арсен Томский жайлы не білеміз?

Жарияланды 14 Ақпан 2025 08:05

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
inDrive негізін қалаушы Арсен Томский жайлы не білеміз? / Фото: kursiv.media мұрағаты

Арсен Томский – Forbes Kazakhstan рейтингіне енген Қазақстанға жаңадан келген IT-саладағы миллионер. Ресейлік мультимиллионер Қазақстанға inDrive компаниясымен бірге елімізге қоныс аударған. IT-компаниясының арқасында Томский өзіне  920 миллион доллар көлеміндегі дәулет жинап үлгерді. Kursiv.Media тілшісі оның байлығы мен оған жету жолын зерттеп көрді.

Өмірбаяны мен білімі

Арсен Томский 1973 жылғы 20 қарашада Якутск қаласында (Саха Республикасы, Ресей Федерациясы) дүниеге келген. Рига азаматтық авиация институтының автоматика және есептеу техникасы факультетінде оқыған, бірақ аяқтамаған. Кейін М.К. Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералды университетінің математика факультетіне түседі.  2021 жылы Стэнфорд бизнес мектебінде басқарушыларға арналған бағдарламадан өткен. Жеке өміріне келер болсақ, бұрын некеде болған. Екі қыздың әкесі.

Байлығы

2024 жылғы мамырдағы мәліметке сүйенсек, Арсен Томский Forbes Kazakhstan тізімінде Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің арасында 10-орынға жайғасқан. Оның байлығы 920 млн АҚШ доллары деп бағаланған. Ал ең ықпалды кәсіпкерлер қатарында 18-орынға тұрақтаған.

Кәсіпкерлік мансабы қалай басталды?

Еңбек жолын компьютер бағдарламашысы ретінде бастаған Томский уақыт өте келе кәсіпкерлікке бет бұрады. 1994 жылы Якутияда өзінің кәсіпкерлік қызметін қаржы индустриясы үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен бастады. 1999 жылы SakhaInternet компаниясын құрды, кейін ол Sinet Group болды және Ykt.ru сайтын ашады.  Ykt.ru  Якутиядағы ірі интернет-жобаға айналады. Бұл сайтты сату арқылы Томский өзінің алғашқы қаражатын тапты.

Бүгінде Арсен Томский inDrive компаниясының негізін қалаушы ретінде көпшілікке жақсы таныс.  Қазақстандық көлік жүргізушілерінің қосымша табыс көзіне айналған inDrive компаниясы Қазақстанға қалай келді? Кеңінен тарқатайық…

Арсен Томский / Фото: inDrive баспасөз қызметі

InDrivе-тан келетін табыс

Арсен Томский 2012 жылы Саха Республикасында (Якутия) inDriver («Independent Drivers» — тәуелсіз жүргізушілер деген сөздің қысқашасы) қызметін құрады. Бұл такси шақыру және курьерлік жеткізу сервисі алғашында «Тәуелсіз жүргізушілер қауымдастығы» атты ВКонтакте тобынан бастау алды. Кейінірек Томский бұл топты сатып, бірақ компанияны дамытуды жалғастырды. Ал 2022 жылы оның атауы inDrive («Inner Drive» деген сөздің қысқашасы) болып өзгертілді. Жобаның бастапқы кезеңінде inDrive мобильді қосымшасына кәсіпкер 5 миллион доллар жеке қаражатын салған. Бұл ақшаны ол 1999 жылы өзі құрған ірі якуттық Ykt.ru веб-сайтын сатудан алған.

Ал Қазақстанда inDrive 2014 жылы жұмыс істей бастады. Томский өзінің «InDriver: Якутиядан Кремний алқабына дейін» кітабында 2017 жылға қарай компания елдегі жолаушылар тасымалы нарығында көшбасшы болғанын жазады.

2021 жылы үш ірі америкалық инвестор inDrive компаниясына 150 миллион доллар инвестиция құйды. Осыдан кейін компанияның бағаланған құны 1,23 млрд долларға жетеді.

Томскийдің мәлімдеуінше, inDrive компаниясының жылдық табысы 2021 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың қаңтарына дейін 4,9 есе артқан. 2024 жылдың сәуірінде америкалық қорлардың бірі компанияға 2021 жылы салған соманы қайта құйған, оның көлемі 150 млн доллар. Қазіргі таңда сервис 46 елде, 779 қалада қызмет көрсетуде.

Миллиардер Ресей азаматтығынан бас тартты

2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғанда Томский компанияның бас кеңсесін Якутиядан Алматыға көшірді. 2022 жылдың көктемінен бастап негізгі қызметкерлер Қазақстанда жұмыс істей бастады. 2023 жылдың желтоқсанында Арсен Томский Ресей азаматығынан бас тартты және ел үкіметінің шақыруымен Қазақстан азаматтығын алды. Бұл өзгеріс Forbes Kazakhstan журналына 2024 жылы Томскийді ең бай бизнесмендер қатарына қосуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ оқыңыз