Рубльге ілескен теңге: ұлттық валютаның нығаюына не себеп

Өткен аптада теңгенің айырбас бағамында оң динамика байқалды. 14 ақпан күні өткен сауда сессиясының қорытындысы бойынша USD/KZT жұбы 1,91 теңгеге арзандап 496,04 теңге деңгейінде қалыптасты. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары қазіргі валюта бағамына рубльдің нығаюы және қор нарығында доллардың көптеп сатылуы әсер етті деп тұжырымдайды.
Рубльдің нығаюы
Теңгенің нығаюына тікелей әсер еткен негізгі факторлардың бірі – рубльдің күшеюі. Рубльдің тұрақтануы мен нығаюына Ресей-Украин соғысын тоқтату бағытындағы алғашқы қадамдар, сондай-ақ геосаяси тәуекелдердің азаюы әсер етті. Сарапщылар бұл өзгерістер инвесторлардың көңіл-күйіне оң әсерін тигізіп, аймақтағы экономикалық тұрақтылықты арттырып отыр деп тұжырымдайды
Ұлттық Банктің валюталық интервенциясы
Ұлттық Банктің көп мөлшерде доллар сатуы теңгенің тұрақтануына ықпал етіп жатыр. Ақпан айында Ұлттық Банк 1,1 млрд доллар көлемінде шетел валютасын конвертациялауды жоспарлаған. Бұл – былтыр ақпандағы 209 млн доллармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Осы интервенция теңгенің сұранысын арттырып, оның бағамын нығайтуға ықпал етті.
Квазимемлекеттік компанияларға қойылған талап
Қазақстандық экспорттаушы компаниялар шетелдік валютамен түскен табысының 50%-ын міндетті түрде теңгеге айырбастайды. Бұл да теңгенің нарықтағы ұсынысын көбейтіп, оның бағамын нығайтуға септігін тигізуде.
Одан бөлек, салық аптасы жақындап келе жатқандықтан, нарықтағы ойыншылар теңгеге деген сұранысты арттыруда. Көптеген компаниялар өз міндеттемелерін орындау үшін теңгеге конвертация жасауға мәжбүр. Бұл да ұлттық валютаның нығаюына оң ықпалын тигізіп отыр.
Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары егер осы тенденциялар сақталса, теңге бағамы әрі қарай да тұрақты болады деп тұжырымдайды. Алайда сыртқы нарықтағы өзгерістер мен геосаяси жағдайлар теңгенің динамикасына әлі де әсер етуі мүмкін.
Бірақ та Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов теңге нығайып жатқан жоқ, экономикалық негізі көрсеткішіне қайтып жатыр деп тұжырымдайды.