Жаңалықтар

«Бәйтерек» холдингі Қытайдың ірі банкінен 400 млн юань қарыз алды

400 млн юань қарыз 10-15 жылдық жобаларға жұмсалады / Фото: kursiv.media архиві

«Бәйтерек» холдингі Қытайдың ірі банкінен 400 млн юань қарыз алды. Бұл жайында холдинг басшысы Рустам Қарағойшин айтты.

«Бұл кеше болған өте маңызды оқиға және бұл тек қана басы. Қарыз мөлшері 400 млн юань болады. Мұның маңызды тұсы – юаньның біз алған құны өте жақсы. Біздің инвестициялық жобаларға сәйкес құнды құрайды», – дейді ол.

Қарағойшин бұл қаражат 7-8% юаньда 10-15 жылдық жобаларға жұмсалатынын айтады. Нақтырақ айтқанда, ауыл және өсімдік шаруашылықтарына  жұмсалатын болады.

Қарыз жайлы

3 наурызда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Қытаймен ынтымақтастық аясында алғаш рет Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкінен (ICBC) юаньмен банктік қарыз алғанын хабарлады. Холдинг Қытайдан қарыз алуын стратегиялық қадам деп түсіндірді. Сондай-ақ холдингтің халықаралық нарықтағы өз позицияларын нығайтады деп мәлім етті.

ICBC – Қытай мен әлемдегі ең ірі коммерциялық банк. Ол Қытайдағы төрт ең ірі банк тобына кіреді.

Айта кетейік, «Бәйтерек» холдингі 2024 жылы 416 млрд теңге таза пайда алған. Ал активтері 14,1 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 млрд теңгеге артық (+2%), ал активтер 4%-ға өсті.