Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады – қаржы сарапшылары

Қаржы сарапшылары 7 наурызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады деген ойларын айтты. Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы нарық қатысушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесін жариялады.
«Қаржы нарығы сарапшыларының басым бөлігі (69%) 7 наурызда өтетін Ұлттық Банк отырысында базалық мөлшерлеме 15,25% деңгейінде сақталады деген ойда. Ал қалған 31%-ы оны көтереді деп болжайды», – деп жазылған қауымдастық парақшасында.
Мұндай болжам жасауға инфляцияның жеделдеуі себеп болып отыр. Ақпанда тұтыну бағалары 1,5% (айлық) және 9,4% (жылдық) өсті. Ол тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай секторындағы реформалар, бюджет шығыстарының артуы, жалақының өсуі және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде қалуымен байланысты.
Ал келесі жылы инфляция 10,3%-ға жетеді деп болжайды. Бұл Ұлттық Банктің 2025 жылға арналған 6,5–8,5% және 2026 жылға арналған 5,5–7,5% болжамынан әлдеқайда жоғары.
«Нарық ойыншылары бір айдан кейін доллар бағамы 510,2 теңге деңгейінде болады деп болжайды (бұған дейінгі болжам – 513,9). Ал бір жылдан кейін доллар курсы 534,2 теңге болады деп күтеді», – деп жазылған қауымдастық сайтында.
Ал Brent маркалы мұнайдың жылдық бағасы 68,5 долларға дейін төмендейді деп болжаған. Мұны АҚШ-тағы сауда соғыстары ЕО мен Қытайдың әлсіз макроэкономикалық көрсеткіштері және ОПЕК+ елдерінің сәуірден бастап мұнай өндірісін арттыру туралы жоспарымен түсіндіреді.
7 наурызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім шығарады. Halyk Finance сарапшылары реттеуші мөлшерлемені 0,25-0,50 пайыздық пунктке көтеруі мүмкін деп болжайды.