Трамп үкіметі қай елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салады

Жарияланды 7 Наурыз 2025 12:27

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
«Қызыл тізімге» негізінен ескі тізімдегі елдер кіреді / фото: shutterstock

Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп әкімшілігі қай елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салатынан анықтап болып қалды.

Бұл туралы The New York Times басылымы осы мәселемен айналысатын екі шенеунік мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Ақ үйдің «қызыл тізімі»

Басылым дереккөздерінің айтуынша, Трамп әкімшілігі Құрама Штаттарға кіруге тыйым салынатын елдердің «қызыл тізімін» дайындап жатыр. Дереккөздердің бірі жаңа шектеуге негізінен бұған дейінгі тізімдегі елдер кірген.

NYT мәліметінше, бұған дейін Куба, Иран, Ливия, Солтүстік Корея, Сомали, Судан, Сирия, Венесуэла және Йемен «қызыл тізімге» енген еді.

Әкімшіліктегі тағы бір шенеунік жаңадан енгізілетін шектеуге Ауғанстан азаматтары да кіруі мүмкін екенін айтты. Ауған азаматтарына көшуге көмектесумен шұғылданатын үкіметтік емес ұйым басшысы Шон Вандайвер билік өкілдерінен Ауғанстан азаматтарына АҚШ-ға кіруге толық тыйым салынатынын естіген.

Трамп тыйым тізіміне тағы қай елдер кіруі мүмкін?

Reuters агенттігінің үш дереккөзі «қызыл тізімде» ауған азаматтары болуы мүмкін екенін растап отыр. Бұған қоса, олар Пәкістан азаматтарына да шектеу енгізетінін айтқан.

Дереккөздер Ақ үйдің жаңа тыйымы келесі аптада жариялануы мүмкін екенін мәлімдеген.

NYT дерегіне қарағанда, Вашингтон қызыл ғана емес, «күлгін» және «сары» тізімдер дайындап жатыр. Қалған екі тізімге енген елдердің азаматтарына да азырақ шектеу енгізіледі.

Мәселен, «күлгін» топтағы елдерге ішінара шектеу қойылады, яғни ауқатты азаматтарға ғана виза беріледі деген сөз. Ал иммигранттар немесе туристер визасының мерзімі қысқаруы мүмкін.

Шенеуніктердің айтуынша, «сары» тізімдегі елдерге кемшіліктерді түзетуге 60 күн беріледі. Осы мерзім аралығында үлгермегендері «күлгін» тізімге кіреді.

Сондай-ақ оқыңыз