Актерлар арасындағы дауға байланысты Disney «Ақшақар» фильмінің премьерасын өткізбейтін болды

Жарияланды 13 Наурыз 2025 16:37

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Актриса Рэйчел Зеглер Палестинаны қолдағаны үшін шеттетілді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Disney студиясы «Ақшақар» фильмінің голливудтық премьерасын тоқтатты. Бұл туралы Dailymail хабарлады. 269,4 миллион долларға түсірілген жаңа фильмге қатысты көптеген даулы мәселелер туындағандықтан, компания фильмнің тұсаукесерін шектеулі түрде өткізетінін мәлімдеді.

Негізгі көрсетілім 15 наурызда Лос-Анджелестегі «Эль-Капитан» театрында өтеді, алайда оған тек түсірілім тобының мүшелері мен шектеулі сандағы фотографтар қатысады. Сонымен қатар, журналистерге жоба жұлдыздарына қоятын сұрақтар бойынша шектеу енгізілді. Бұдан бөлек, Лондондағы жоспарланған премьера толығымен тоқтатылды.

Фильмді сынға алған негізгі мәселелер

Картинаның айналасындағы дау түсірілім басталмай тұрып-ақ өрши бастады. Негізгі себеп – Ақшақар рөліне латын-америкалық актриса Рэйчел Зеглердің таңдалуы. 1937 жылы шыққан Дэвид Хэндтің анимациялық нұсқасында басты кейіпкер «қардай аппақ терісі бар» қыз ретінде бейнеленген. Көптеген көрермендер Зеглер бұл рөлге сай келмейді деп есептеп, оны сынға алды.

Зеглер өз кезегінде бұл пікірлерді нәсілшілдік көрінісі деп қабылдап, түсірілім командасының классикалық ертегіге заманауи көзқараспен қарағанын айтты.

«Мен бастапқы нұсқасынан қатты қорықтым. Шамасы, оны бір рет қана көріп, қайта қосқан жоқпын. Бүкіл сюжет оның махаббат оқиғасына негізделген. Оның артынан бір жігіт қалмай еріп жүреді. Бұл өте оғаш нәрсе. Сондықтан біз бұл жолы мұндай идеядан бас тарттық. Менің Ақшақарым батыл көшбасшы болуды армандайды, ол тек махаббатты іздеумен шектелмейді», – деді Зеглер Daily Mail басылымына берген сұхбатында.

Рэйчел Зеглер мен Галь Гадот арасындағы қарама-қайшылық

Фильмнің басты мәселелерінің бірі – Рэйчел Зеглер мен Галь Гадоттың қарама-қайшы саяси ұстанымдары.

  • Рэйчел Зеглер Палестинаны ашық қолдап жүрген актриса.
  • Галь Гадот – Израильден шыққан жұлдыз, ол өз елін қолдайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

Disney компаниясы жарнамалық тур барысында екі актриса арасында саяси қақтығыс болуы мүмкін деп қауіптенген. Сондықтан студия журналистерге қойылатын сұрақтарды қатаң бақылауға алып, фильмді көпшілікке кеңінен насихаттау шараларын қысқартқан.

Айта кетейік, Қазақстанда «Ақшақар» фильмі қазақ тіліне дубляждалып 20 наурызда прокатка шығады.

Сондай-ақ оқыңыз