Авто

BMW, Volkswagen, Skoda. Сауда соғысынан Еуропа автобрендтері шығынға батады

Еуропадағы автоөндірушілер үш құрлық арасындағы сауда соғысынан зардап шекті / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған сауда соғысынан Еуропадағы BMW, Volkswagen секілді автогиганттар қатты зардап шегеді.

Салық соғысының салқыны өзіне тиеді

BMW AG бас директоры Оливер Ципсенің мәлімдеуінше, Құрама Штаттар, Еуропа және Қытай арасындағы сауда жанжалының шарықтауы автоөндірушіні биылдың өзінде шамамен 1 млрд еуро (1,1 млрд доллар) шығынға батыратын болды. Топ-менеджер мәлімдемесін Bloomberg таратты.

«Салынып жатқан салықтардың бәрі ұзаққа созылады деп ойламаймын, бірақ кейбірінің ғұмыры ұзағырақ болуы мүмкін. Шығын біз болжаған 1 млрд еуродан аспаса, қиыншылықтан оңай шығамыз», – дейді Ципсе

BMW және еуропалық басқа да автоөндірушілер Трамптың АҚШ-ға импортталатын автомобильдерге енгізетін баж салығына дайындалып жатыр. Салық Еуропа ғана емес, Мексика мен Канада зауыттарында шығарылған автокөліктерге де салынуы мүмкін.

«Салықты күшейте берсе, оның салдары нарықтың бәріне кері әсер етеді», – дейді 55 жастағы топ-менеджер.

Америкаға қатысы жоқ брендтер де зардап шегеді

Volkswagen AG автогигантына тиесілі Skoda өнімін Солтүстік Америкаға сатпайды, бірақ соның өзінде үш құрлық арасындағы сауда соғысының ықпалын сезіп отыр. Skoda сатушылар бүкіл әлемде орналасқандықтан, «жанама» болса да америкалық салықтар ықпалы болады деп мәлімдеді автобренд бас директоры Клаус Зеллмер.

Топ-менеджердің басқаруымен Skoda Еуропадағы ең танымал брендтердің біріне айналды. Былтырғы табысы 30%-ға өсіп, әлем нарығына өнім шығару көрсеткіші 7%-ға өсті.

2024 жылы ол Elroq жол талғамайтын электрокар шығарған. Құны – 33 мың еуро (35 812 доллар). Сөйтіп чех өндіруші 2024 жылы Renault пен BMW-ны басып озып, Еуроодақта ең көп сатылатын алғашқы үштікке енген.

Енді Skoda Еуропаға тәуелділіктен арылу үшін Азияға, оның ішінде Үндістан нарығына көз жүгіртіп отыр.