Сатушыдан чек сұрап, кэшбэк ал: сыйақы жобасы қайта басталады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Сатып алған тауар чегін «Amian» қосымшасына тіркеп, сыйақы алуға болады / фото: shutterstock

2025 жылғы 15 наурыздан бастап шағын және орта кәсіпкерлерге, сонымен бірге тұтынушыға арналған Салық кэшбэк пилоттық жобасы қайта басталады.

Салық кэшбэк жобасының бірінші кезеңі

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, жоба кәсіпкерлердің бақылау-касса машиналарының фискалдық чектері бойынша сыйақылар төлеуге бағытталған.

«Salyq кэшбэк» жобасының бірінші кезеңі оң нәтиже көрсетті: берілген чектер саны 2 есеге артты, ал осы чектер бойынша сомма 32%-ға өсті. Пилоттық жоба Семей қаласында, Абай облысында және Ақкөл ауданында іске асырылды.

Екінші кезеңіне кімдер қатыса алады?

Жобаның екінші кезеңі мына аумақтарды қамтиды:

  • Өскемен қаласы, Шығыс Қазақстан облысы;
  • Жетіқара ауданы, Қостанай облысы;
  • Жақсы ауданы, Ақмола облысы;
  • Аршалы ауданы, Ақмола облысы.
«Amian» қосымшасын тегін жүктеп алуға болады / фото: t.me/kgdmfrk

«Amian» қосымшасын орнатып, кэшбэк ал

«Salyq кэшбэк» жобасына кез келген адам қатыса алады. Ол үшін тауар мен қызметке ақы төлеу кезінде (қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз тәсілмен де) фискалдық чек алу, «Amian» арнайы мобильді қосымшасындағы чектен штрих-кодты сканерлеу және сатып алу сомасының 2% мөлшерінде сыйақы алу қажет.

Сыйақылар «IT Analytics» ЖШС операторы арқылы «Amian» мобильді қосымшасын пайдалана отырып есептеледі.

«Amian» қосымшасын App Store және Google Play-да тегін жүктеуге болады.

Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерді бақылау-касса машиналарды белсенді қолдануға және әрбір сатып алушыға фискалдық чектер беруге шақырады. Бұл тұтынушы құқығын қорғауға және мемлекеттік бастамаларды қолдауға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыз