
FlyArystan компаниясы жас жолаушының сәтсіз қалжыңынан болған оқиға шығынын бағалап жатқанын хабарлады.
Компания таратқан ақпаратқа қарағанда, 2025 жылғы 19 сәуірде Алматы – Қарағанды бағытындағы FS7121 рейсіне отырғызу кезінде жолаушылардың бірі (2009 жылғы туған) досының сөмкесінде бомба бар екенін айтқан. Салдарынан рейс тоқтатылып, барлық жолаушылар түсіріліп, ұшақ тексерілді. Қажетті процедураларды орындау қажеттілігіне байланысты рейс 2 сағат 44 минутқа кешіктірілген. Алайда ақпарат расталмаған.
Әуе компаниясы қазіргі таңда рейстің кешігуіне және қажетті процедураларды орындауға байланысты қаржылық шығындарды бағалап жатыр. Жолаушының заңды өкілі келтірілген зиянды өтеуге ниет білдірген. Әуе компаниясы ол қаражатты қайырымдылыққа жіберетінін айтады.
Жолаушылар нені білуі керек
Қазақстан заңнамасына сәйкес, әуежайларда және әуе кемелерінің бортына қауіпсіздікке қауіп төндіретін кез келген мәлімдеме жасауға қатаң тыйым салынған.
Рұқсат етілмеген мәліметтер аясы кең:
• Бомбалар, жарылғыш заттар немесе басқа қару түрлері туралы ескертулер;
• Террористік актілер немесе басқа зорлық-зомбылық әрекеттері туралы мәлімдемелер;
• Жолаушылар немесе экипаж арасында дүрбелең немесе алаңдаушылық тудыруы мүмкін кез келген мәлімдемелер.
Зиянсыз, әзіл сияқты көрінетін сөздер мен абайсызда айтылған мәлімдемелер рейстің кешігуіне немесе әкімшілік айыппұлға әкелуі мүмкін.
Қандай әзілдер қабылданбайды
• Экипажға немесе басқа жолаушыларға қауіп-қатер жасау;
• Әуе кемесінде қауіпті заттар бар екенін мәлімдеу;
• Жарылғыш заттар, қару немесе басқа зиянды заттар туралы әзілдер.
Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша терроризм туралы жалған хабарлама үшін 5000 айлық есептік көрсеткішке (19,6 млн теңге) дейін айыппұл, сол мөлшерде түзету жұмыстары, бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін, Астана – Өскемен бағытындағы ұшақ бортында мас күйде бұзақылық жасаған ер адам 3 жылға сотталған.