
Қытай Ресейден Қазақстан арқылы мұнай тасымалын арттырмақ. Ресми Бейжің Ресейден келетін мұнай көлемін жылына тағы 2,5 миллион тоннаға ұлғайтуды ұсынып отыр. Ресей бұл бастаманы қолдауға дайын.
Бұл туралы Ресей вице-премьері Александр Новак мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл Қытай тарапынан түскен ұсыныс. Ресей мұнай жеткізуді арттыруға қарсы емес, бірақ ол үшін арнайы техникалық дайындықтар қажет.
«Мұнай Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Қазір құбыр жүйесінде тиісті жұмыстар жүріп жатыр», – деді Новак.
Мұнай құбыры қай бағытта жұмыс істейді?
Қазіргі уақытта Ресейден Қытайға мұнай негізінен Сковородино-Мохэ құбыры арқылы жеткізіледі. Алайда, бұл құбырдың мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан қосымша мұнай көлемін Қазақстан арқылы тасымалдау көзделіп отыр.
Бұған дейін Ресей мен Қытай 2013 жылы мұнай саудасы бойынша үкіметаралық келісімге отырған. Құжат бойынша бастапқыда қосымша 7-10 млн тонна мұнай жеткізу мүмкіндігі қарастырылған болатын. Енді жаңа хаттама бұл көлемді 12,5 млн тоннаға дейін арттыруды және жеткізу мерзімін 2034 жылға дейін ұзартуды көздейді.
Бұған дейін Қытай Қазақстан аумағы арқылы ресейлік газ жеткізу маршрутын экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп мәлімдеген.